ШҚО-дағы ең ұзын көпір жыл соңына дейін пайдалануға беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-дағы ең ұзын көпір жыл соңына дейін пайдалануға беріледі

19.07.2024

Шығыс Қазақстан облысында салынып жатқан Қазақстандағы ең ұзын көпір жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Қазір нысан 80 процентке дайын. Өңірге жұмыс сапарымен барған Премьер-министр Олжас Бектенов Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін Күршім көпірінің құрылысымен танысты. Үкімет басшысы Көлік министрлігіне облыс әкімдігімен бірлесіп, жұмысты тезірек әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Жоба Президенттің тапсырмасы бойынша бірнеше аудан тұрғындарының өтінішімен іске асырылып жатыр. Бұған дейін жергілікті халық 50 жыл бойы көршілес аудандарға жазда паром арқылы, қыста мұз үстімен қатынап жүрген.

Асқар Ілдебаев, «ОблШығысЖол» ЖШС Учаскесінің техникалық қадағалау бөлімінің басшысы:

Бұл көпірді бүкіл шығыс күтіп отыр. Енді бұл көпір жақсы әдіспен салынып жатыр. Астына ең мықты БНС-тің үстінде тұр. Тіректердің үстіндегі жабдықтардың бәрі мықты. 

Сондай-ақ Олжас Бектенов қаладағы жылу электр орталығына барып, реконструкциялау қарқынымен танысты. 1956 жылдан бері жұмыс істеп тұрған нысан 50 мыңға жуық тұрғынды жылумен қамтамасыз етіп отыр. Жабдығының 57,7%-ы тозған. Биыл энергетика инфрақұрылымын реконструкциялауға 8,5 млрд теңге бөлінген.

Бұдан бөлек Олжас Бектенов қаладағы көпсалалы медициналық мекемесінің құрылыс барысымен танысты. Емхана күзде стационар келесі жылы пайдалануға беріледі. Премьер-министр медициналық инфрақұрылымды дамыту Мемлекет басшысының ерекше бақылауында екенін және бұл – Үкіметтің басым міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

Үкімет басшысы аймақтың туристік әлеуетімен танысып, саланы одан әрі дамыту әрі өңір экономикасының құрылымындағы үлесін арттыру жөнінде бірқатар тапсырма берді. Былтыр аймақта ішкі туристік ағын 2,7%-ға артып, демалушы саны 350 мыңнан асқан.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу