АҚШ президенті Джо Байден қарашадағы сайлауға түссе жеңілетінін түсіне бастағандай. Мұны «Нью-Йорк Таймс» газеті хабарлады. Байден үміткер болудан бас тартып, бәсекеден шыққан жағдайда оның орнын демократтар арасында кім басуы мүмкін? Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.
Президент Джо Байден маусымның 27-де республикалық қарсыласы Дональд Трамппен өткен теледебатта жеңіліске ұшырады. Содан кейін демократтар 81 жастағы мемлекет басшысын сайлауға түсіру мәселесін ашық көтере бастады. Байден бұл бәсекеден шығу туралы шешім қабылдаған жағдайда, оның орнына өзге үміткер таңдалады. Кандидаттардың басында вице-президент Камала Харрис тұр. 59 жастағы саясаткер кейінгі митингтерде өзінің жалынды да жігерлі науқаншы екенін дәлелдеп жүр.
Камала Харрис, АҚШ вице-президенті:
Сайлауға 110 күн қалды. Оған төрт жыл сайын көбіміз қатыстық. Алдағы сайлау өміріміз үшін маңызды болып тұр. Онда талай жайттың тағдыры шешілуі керек.
Үміткерлік таңдаудан Харрис сүрініп жатса, Мичиган губернаторы Гретхен Уитмер кандидат болуға қарсы емес. 52 жастағы Уитмер сайлауға түссе, президенттік эстафетаның жас толқын қолына өткенінің символына айналар еді.
Байденнің орнын басуға ниетті тағы бір америкалық бар. Ол – Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсом. 56 жаста. Сарапшылар оның президенттік амбициясы айқын дейді.
Ларри Сабато, Вирджиния университетінің саяси зерттеулер орталығының директоры:
Камала Харрис тізімде болуы керек, өйткені ол - вице-президент. Меніңше, Харрис өте күшті кандидат болмайды. Губернатор Гэвин Ньюсом Калифорнияның губернаторы болғандықтан ғана емес, сонымен қатар, тонналаған ақшасымен де үміткерлікке қол жеткізе алады деп ойлаймын.
Демократтар Трампқа қарсылас болатын кандидатты тамыздың соңында Чикагода өтетін съезінде таңдауы керек. Демек, әлі уақыт бар.
Ал «Нью-Йорк Таймс» газетінің хабарлауынша Байден қарашаның 5-де өтетін сайлауда жеңіске жете алмайтынын және оған дейін жарыстан шығып қалу идеясын қабылдай бастаған тәрізді.
Арыстан Рысбек