«Отбасы банкі»: Депозиттерді біріктіруге шектеу болмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Отбасы банкі»: Депозиттерді біріктіруге шектеу болмайды

19.07.2024

Тұп-тура 10 күннен кейін «Отбасы банкінің» 240 мыңға жуық салымшысы өз депозиттерін бір-біріне аудара алады. «Отбасылық пакетте» жинақталған сомаға берілетін сыйақы мөлшерлемесі де түгел сақталады. Қаражатты кезкелген бағдарламаға бастапқы жарна ретінде пайдалануға шектеу жоқ. 

Баспаналы болуға талпынып жүрген әрбір салымшы үшін біржолғы зейнетақы төлемдерінің депозитте сақталу мерзімінің 6 жылға ұзарғаны әрі жинақ сомасын бір-біріне аудара алуы оларға тездетіп үйлі болуға мүмкіндік береді. Өскемендік Толқын Жылқыайдарова да, «Отбасылық пакетті» тиімді пайдаланып, Алматыдан пәтер таңдауға келіпті. Ол бұл баспананы алғаннан кейін де, алдағы 3 жылда тағы да үй алуға мүмкіндігі барына қуанады.

Толқын Жылқайдарова, банк салымшысы:

Менің өзімде, екі баламда да, жолдасымда 4 шот болды, 4-еуін біріктірдім. Жалпы жатқан сомаға зейнетақы қорынан аударылған соманың үстінен банктік жылдық үстемақысымен 1 млн 800 мың теңге ақша түсті 3 жылдың ішінде. 6 жылға созылғаны өте дұрыс деп ойлаймын. Менде әлі шектеулі сомадан асатын сумалар бар. Мен егер 4-ші жылға қалдырсам оның үстінен тағы да «Отбасы банкінің» жылдық 20 пайыздық үстемақысы түсетін еді деп ойлаймын.

Иә банктің жылдық 20 пайыздық сыйақысы депозиттерді бір-біріне аударса да, сақталады. Тіпті депозит санында шектеу болмайды деп отыр мамандар. Тек қаражатты бір-біріне ата-аналар, балалар, асырап алушысы мен асырып алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек бауырлар, атасы мен әжесі немесе немересі аудара алады.

Данагүл Түсіпова, «Отбасы банкі» АҚ Алматы филиалының директоры:

Жолдасы өзінің жұбайына аударған болса, жұбайы өзінің ағасы немесе апасына ол депозитті аудара алмайды. Яғни, зейнетақы төлемдері бар депозиттерді өзінің туысқандарына аударуға бір рет қана мүмкіндік беріледі. Және де «Отбасылық пакете» депозитті біріктіруге бізде шек жоқ. Егер де жаңағы айтып өткен туысқандардың арасында 5 немесе 7 депозит болып жатқан жағдайда барлығын біріктіріп бір отбасылық пәтер сатып алуға мүмкіндік беріледі.

Үш жылға жуық уақытта біржолғы зейнетақы төлемнің көмегімен 317 мыңнан астам азамат тұрғын үйді тікелей сатып алған. Ал «Отбасы банкіндегі» берешекті 200 мыңға жуық салымшы өтепті. Сондай-ақ шекті сомадан асқан ақшаға 4 мыңға жуық азамат жер үйдің құрылысына деп пайдаланыпты. Айтпақшы, депозит мерзімін ұзарту мен бір-біріне аудара алу мәселесі салымшылардың өтінішінен кейін қабылданған шешім екен.

Әйгерім Ердәулет


Хабарламаларға жазылу