Халқы тығыз қоныстанған оңтүстік өңірлерден еңбек күші тапшы Солтүстік Қазақстан облысына 400 отбасы қоныс аударды.
Бұл жыл басынан бергі көрсеткіш. Теріскейге көшіп барған 1200 адамның тең жартысы жұмысқа қабілетті. 300-ден астам азамат тұрақты еңбекпен қамтылды. Жыл соңына дейін тағы да 1500 адамды Қызылжар өңіріне көшіру жоспарланған. Қоныс аударушыларды қабылдауға қолайлы 191 елдімекен бекітілді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, облыста әсіресе ауыл шаруашылығы мен денсаулық сақтау саласында мамандар тапшы. Биыл көшті жүзеге асыруға 3,1 млрд теңге қаржы бөлінген болатын. Оның үштен бірі игерілді. Өңірге келген әр отбасына 4 млн теңгеге экономикалық ұтқырлық сертификаты табысталады. Оған жылжымайтын мүлік сатып алуға немесе ипотекалық несиенің алғашқы жарнасы ретінде пайдалануға болады.
Назерке Тасқұлова, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы:
Көшіп келгені үшін отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК көлемінде көмек көрсетіледі. Бұл көмек түрі бір реттік. Сонымен қатар, 12 ай көлемінде баспана жалдауға субсидие төленеді. Яғни ол тұру мекеніне және де отбасы құрамына байланысты болады.
Эльмира Кәленова