Парижде Олимпиада қалашығы ресми түрде ашылып, атлеттердің алғашқы легін қабылдады. Әзірге Аустралия мен Бразилия құрамаларының спортшылары мен делегаттары жайғасты. Франция астанасының солтүстігінде орналасқан арнайы қалашық 52 гектар жерді алып жатыр. Бұған дейін өндірістік кәсіпорындар ғана болған аудан қазір адам танымастай болып өзгеріп кеткен. Құрылысына жеті жыл уақыт пен 2 млрд еуро жұмсалған. 4-5 қабатты алуан түрлі 40 ғимарат бой көтерген. Олардың арасында жаттығу залдары, емхана, антидопингілік орталық бар. Француз бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, Олимпиадалық қалашықты салуға құйылған қаражаттың үштен екісі жеке құрылыс компанияларынікі. Мемлекет бюджетінен бөлінген ақша - 646 млн еуро. Олимпиада мен Паралимпиада ойындары аяқталғаннан кейін бұл үйлердің үштен бірі мемлекеттік баспана ретінде қолданысқа беріледі.
Қаракөз Тұрмағамбет