Арал ауданында су тоспасы салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арал ауданында су тоспасы салынады

18.07.2024

Кіші Арал теңізіне биыл 2 миллиард текше метр су құйылады деген меже бар. Мемлекетаралық келісімнің нәтижесімен бүгінде Сырдария өзенімен өңірге тиісті мөлшерде су келіп жатыр. Сондай-ақ, Арал атырабындағы ең үлкен Қамбаш және Ақшатау көлдер жүйесін суландыру жобалары да қолдау тауып отыр. Аймаққа іс-сапармен келген Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов балықшылар қауымымен жүздесіп, салаға қатысты жоспарлармен бөлісті.

Былтыр жазғы маусымда Кіші Аралға дариядан небәрі 6 текше метр су құйылса, биыл секундына 75 текше метр су түсуде. Бұл тіршілігі теңізге тәуелді балықшылар үшін үлкен қуаныш. Сондай-ақ, соңғы жылдары Қамбаш пен Ақшатау көлдері де біршама тартылып қалған еді. Үлкен айдындарды суландыру мәселесі де шешімін табуға жақын. Сол үшін Аманөткел ауылының тұсынан жоба құны 35 миллиард теңгені құрайтын су тоспасы салынбақ.

Нұржан Нұржігітов, ҚР су ресурстары және ирригация министрі:

Арал теңізін сақтау екінші кезеңі жұмыстары бар. Гидротехникалық құрылысын жүргізу ол жобаға кіріп отыр. Бүгінгі күні тиісті құжаттары жиналды. Енді мемлекеттік сараптамадан өткізіледі. Әрі қарай өзінің заң аясында жұмыстары жүргізіледі.

Жалпы Сырдария өзенінің су қорын тиімді пайдалану уақыт талабы. Бұл бағыттағы ауқымды жобаның бірі «Қараөзек» су қоймасын салу. Егер ол жүзеге асса Кіші Арал теңізі мен Қазалы ауданына қажетті су мөлшерін жеткізу мәселесі оңтайлы шешімін табады. Сала министрі де жағдайды бағамдап, бұл жобаны мақұлдап отыр.

Жорабек Нұрымбетов, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының өндірістік учаске басшысы:

Осы жылдың аяғында оның құрылысын бастауға қаржы бөлінеді деп жатыр. Қаржы бөлінетін болса ол «Қарөзек» су қоймасына 1 млрд текше метрге дейін су жинап алуға мүмкіншілік болады. 

Мұнан бөлек, Нұржан Нұржігітов «Әйтек» су торабының жай-күйімен танысты. Гидронысан егістік алқаптарға су жеткізуді реттейді. Биыл мамандар судан тапшылық жоқ деп отыр.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Қазіргі таңда Қызылорда су торабынан секундына 165 текше метр су өтуде. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырсақ екі еседей көп. Мол су бірінші кезекте Шіркейлі каналымен егін-жайға жіберіліп жатыр. Яғни аймақтың басты дақылы күріш биыл бітік шығады деген болжам бар.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу