Алаяқтардың құрбаны болмас үшін аудиохабарламаларды өшіріп жүріңіз. Полицейлер қазақстандықтарға осындай ескерту жасады. Өйткені алаяқтар аккаунттарды бұзып, WhatsApp секілді мессенджерлердегі дыбыстарды пайдалану арқылы жақындарыңыздан ақша сұрауы мүмкін.
Досжан Маратұлы, тілші:
«Жақсы-жақсы. Рахмет. Сәлем айтыңыз». Кез келгеніміз түрлі мессенджерлер арқылы күнде осылай аудиохабарлама жіберіп жатамыз. Бірақ соның кесірі өзіңізге ғана емес, жақындарыңызға да тиіп кетуі мүмкін.
Алаяқтардан айла артылған ба?! Енді қаскөйлер WhatsApp аккаунттарын бұзып, сіздің атыңыздан жай ғана жазып қоймайды. Аудиохабарламаңызды тыңдап, сіздің дауысыңызды жасайды. Кейін сіз болып жақындарыңызбен сөйлеседі, ақша сұрайды, айласына түсіреді. Әрине жазса, күмәндануыңыз мүмкін. Бірақ дауысты айнытпай салса, алданып қалуыңыз кәдік.
Тіпті Жамбыл обылысында осындай 13 дерек тіркеліп үлгерді. Сондықтан алаяқтардан қорғану үшін полиция мынаны ескертеді.
Аудио-SMS-терді тыңдағаннан кейін бірден өшіруге тырысыңыз немесе хат алмасу чаттарын автотазарту функциясын қосып қойыңыз. Жақындарыңызға ортақ құпия сөз ойлап тауып, күмән тудыратын жағдай болса, соны пайдаланыңыз. Әрі әлеуметтік парақшаларды жария қылмай жабық қылған дұрыс.
Ішкі істер министрлігі ғана емес, Ұлттық қауіпсіздік комитеті де бүгін алаяқтардан сақ болуға шақырды.
Олар таратқан хабарламада алаяқтар күштік құрылымдардың атынан мынадай хат жазатыны айтылған. Кейін сізге хабарласып, террористік ұйымға ақша жіберіп жатырсыз, оны тоқтату үшін телефонға келген кодты айтыңыз деп айласына түсіреді. Бас тартсаңыз жазаға тартыласыз деп қорқытуы мүмкін.
Досжан Маратұлы, тілші:
Әрине мұның бәрі жалған. Алданып қалсаңыз, әлдекімдер атыңыздан несие рәсімдеп жіберуі мүмкін. Сондықтан барынша сақ болу керек.
Досжан Маратұлы