Түркістан облысында қолайсыз күн-райынан шаруалар піскен егінін жинай алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында қолайсыз күн-райынан шаруалар піскен егінін жинай алмай отыр

18.07.2024

Биылғы жаз Түркістан облысының шаруаларына тым қолайсыз болып тұр. Екпіндете соғатын жел мен қайта-қайта жауған жаңбыр піскен астықты оруға мұрша беретін емес. Оның үстіне астық бағасы да диқанның көңілін құлазытып жіберді. Егін орағына кіріскен техниканың жүргенінен тұрғаны көбейіп барады. Мына шаруашылықтағы 1 мың 600 гектар бидай алқабының жартысы енді жиналды. Аяқ астынан аспанаға бұлт үйіріле қалады да жаңбыр төгіп өтеді. Ол басылғанша тірлік тоқтайды.
Нұржігіт Жаппасбаев, шаруа:
Егін орағы науқаны басталғалы 21-ші күн. Ауа райы қолайлы кезде күндік нормамыз 60 гектар болса бастыратын астығымыз, қазір 20-30-дың арасында астық бастырамыз. Өйткені түске дейін жаңбыр болады. Себелеп өтсе тоқтап тұрады.
Шілдесі тымырсық келетін түстікте биыл жел де басылмай қойды. Салдарынан біраз жердің масағы жантайып құлап, комбайнға ілікпей қалған. Дәннің қамырлығы төмендеп барады. Бидайға күйе түсе бастаған.
Арын Қалшабеков, өндірістік кооператив төрағасы:
Жаңбырдың беймезгіл жауғаны астық сапасына да әсер етеді.
Күн райын болжау мекемесі осы аптаның аяғына дейін жел мен жауын басылмайды деп отыр. Тек шілденің соңғы онкүндігінен бастап күн ысиды.
Мейірбек Қаһарманов, «Қазгидромед» РМК Түркістан облыстық филиалының инженер синоптигі:
Облыс бойынша келесі тәулікте облыстың солтүстігінде, батысында, тау бөктеріндегі аудандарда жаңбыр беріп отырмыз. Және тура осы аудандарда найзағай және дауылды күтеміз. Солтүстік батыстан жел соғады.
Егін еккен шаруаны астықтың бағасы да шарасыз күйге түсірді. Әзірге тоннасы 60-70 мың теңгеден әрі аспай тұр. Ал бір гектар алқабтың тыңайтқышы мен арамшөпке қарсы себілетін улы химикатының өзіне осыншама қаржы жұмсалады.
Мұхтар Бимат, «Арпа-бидай ас екен» қауымдастығының төрағасы:
Ең болмаса квота ретінде 10 мың немесе 500 мың тонна ма Түркістан облысынан бидай сатып алсын мемлекет өз пайдасына. Ертең ұн қылады, азық түлік корпорациясы баға шығарсын. Бізде ондай баға жоқ. Шаруалардың ешқайда бара алмайтынын диірмендердің бәрі біліп отыр.
Биыл облыс бойынша 282 мың гектарға бидай егілген. Әзірге гектарынан орта есеппен 19 центнерден өнім жиналуда. Шарасыз шаруа енді Үкімет тез арада бағаны реттеп, өнімді өткізу тетіктерін қарастырмаса астық ысырап, еңбек өтеусіз қалатын болды деп ашынады.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу