Батыс Қазақстан облысында жарты ғасырлық тарихы бар «Ақжайық» футбол клубы жабылып тынуы мүмкін. Өйткені, бюджеттен берілуі тиіс 400 млн теңге қаражат бөлінбей отыр. Ойыншылар мен бапкерлер жалақысыз, ал балалар футбол командасы жарыссыз қалған.
Алты айдан бері «көк тиынсыз» қалған «Ақжайық» аяқдопшылары күні кеше Ақтөбеде өткен ел чемпионатына барған жоқ. Бірінші лигада ілдебайлап жүрген команда санкцияға ұшырап, енді өзі-ақ аз қалған бес-алты ұпайынан айырылатын болды.
Гүлдария Кауиева, «Ақжайық» футбол клубының президенті:
Алты ай бойы қызметкерлер жалақы алмағандықтан, тағы екі ай күтуге наразылық білдіріп отыр. 100 шақты қызметкер бар, оған бала-шаға, жанұясын қоссақ, 500-дей адам болады. Сол кісілердің жағдайын жасай алмай отырмыз. Облыс басшылығына кіре алмай жүрміз.
«Ақжайық» футбол клубының негізгі командасында 26 ойыншы бар. Одан бөлек, күні бүгінге дейін балалар тобында 570 ұл-қыз жаттығатын еді. Қазір қол қысқарып, төрт командада 110 бала қалды. Ата-аналар өңірдегі көздің қарашығындай жалғыз команда тарап кетсе, балалар футболы да құрдымға кете ме деп алаңдаулы.
Жанат Есентаев, Орал қаласының тұрғыны:
Балалардың бәріне психологиялық тұрғыдан әсер етеді. Чемпионатта ойнамайтындар бар, келесі жарысқа бара ма, бармай ма, белгісіз. Себебі ақша бөлінбей жатыр. Былтыр қосымша 12 ойыншыға ақша жинадық. Көптеген бапкер кетіп қалды. Жарысқа бара алмай қалды.
Клуб төрт жыл бұрын сенімгерлік басқаруға берілді. Бұған дейін футбол спортына қазынадан 1 млрд теңге бөлініп келді. Бірақ екі жыл бұрын «Ақжайық» премьер-лигадан шығып қалған кезде, депутаттар «миллиардтар желге ұшып жатыр» деп бюджетті 400 млн теңгеге дейін қысқартып тастады. Футболшылар тулағанымен, биыл сол қаражаттың өзіне зар боп қалды. Ал спорт басқармасы бастапқыда 400 млн тасқынға кетті деді, кейін конкурс ережелерін сылтауратты. Енді байқау үшінші рет қайта жарияланбақ.
Сәуле Батырғалиева, облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы қаржы бөлімінің басшысы:
Жаңа конкурсқа құжаттар дайындалуда. Себебі техникалық ерекшелігіне өзгеріс енгізіп жатырмыз. Ақша тұр. Бюджеттен 400 млн бөлініп тұр. Тасқынға, ешқайда берілген жоқ. Келісімшартқа отыру уақытша су тасқынына байланысты тоқтатылды да, бірақ бюджеттен кері тартып алынған жоқ. Біздің басқарманың шотында тұр.
«Ақжайық» клубы премьер-лига ойыншылары Руслан Валиулин, Еркін Тапалов, Батыр Мұқашев, Санжар Ерниязов секілді қазір ұлттық құрамада жүрген өз түлектерімен мақтанады. Қазір де командада бірде-бір легионер жоқ. Ал егер команда жабылса, Қазақстан Еуропалық Футбол федерациясының мүшесі болғандықтан, ұлттық құраманың іріктеу жарысына қосымша санкциялар салынып, зияны тиюі мүмкін.
Манарбек Ержанов, «Ақжайық» футбол клубының директоры:
УЕФА-ның талабы бойынша егер кәсіби клуб жабылатын болса, келесі клубты ашу үш жылға дейін есепке алынбайды. Яғни УЕФА-ның мүшесі бола алмайды. Оған дейін клубтың қаржылық тұрақтылығы болуы керек. Команданың құрамы, тренерлік құрамы жүйелі түрде үш жыл көлемінде жұмыс істеуі керек. Егер банкрот деп жарияланатын болса, Қазақстанның Еуропалық деңгейде ойнап жүрген басқа да клубтарына кеселі тиюі мүмкін.
Енді футбол клубы облыстық Спорт басқармасын сотқа берген. Мәселені мәмілемен шешуге боларына қарамастан, тараптар келісімге келе алмай тұр.
Ардақ Мұратқызы