Ұлыбританияның жаңа премьер-министрі заңсыз мигранттарды Руандаға жібермейтін болды
Ұлыбританияның жаңа премьер-министрі заңсыз мигранттарды Руандаға жібермейтін болды. Кир Стармер миллиондаған стерлинг фунты жұмсалған, бірақ жүзеге аспаған жоспардан бас тартып отыр.
Марина Бекенова, тілші:
Баспана сұраушыларды Руандаға жеткізуі тиіс алғашқы рейс екі жыл бұрын ұшуы керек-ті. Бірақ бұл бастама халықаралық талаптарға қайшы келіп бұғатталды. Консерваторлар заңды айналып өтудің жолын тапқанымен, сайлауда жеңіліп, жоспарларын жүзеге асыра алмады. Жаңа үкімет басшысы босқындармен күрестің басқа жолын ұсынды.
Кир Стармер, Ұлыбритания премьер-министрі:
Мигранттарды тасымалдайтын қылмыстық топтармен күресеміз. Полиция, ішкі барлау басқармасы және прокуратура халықаралық агенттіктермен бірігіп, шекара қауіпсіздігінің қолбасшылығын құрады.
Руанда үкіметі жобаға бөлінген 300 миллионнан астам фунтты түгел жұмсап тастағанын айтты. Мигранттарға уақытша баспана дайындалып, тіпті, оларға арналған үйлердің құрылысы басталып кетіпті.
Ален Мукуралинда, Руанда үкіметі ресми өкілінің орынбасары:
Бұл қаражат елімізге берілген несие емес. Нақты әрекеттерді жүзеге асыру үшін жіберілген ақша. Міндеттемелерімізді орындадық.
Жыл басынан бері 13 500-ден астам адам Британ жағалауына үрлемелі қайықпен жүзіп келген. Бірақ қазір қатты желден теңіз толқыны күшейіп, мигранттар легі азайды. Шенеуніктер мұның ұзаққа созылмайтынын жақсы түсінеді. Өйткені Францияда шекараны кесіп өткісі келіп, елеңдеумен тұрғандар көп. Сондықтан жуық арада Тұманды Альбионда көші-қон дағдарысы оң шешім табады дегенге сену қиын.
Марина Бекенова
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы