Маңғыстауда «Бірлестік-2024» халықаралық оқу-жаттығуы жоғары деңгейде өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда «Бірлестік-2024» халықаралық оқу-жаттығуы жоғары деңгейде өтті

18.07.2024

Маңғыстауда 5 мемлекеттің әскери қызметшілері қатысқан «Бірлестік-2024» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы қорытындыланды. 10 күн бойы жүргізілген дайындықтың нәтижесінде, кеше «Оймаша» полигонында бүгін «Тоқмақ» мүйісінде «Содырлар тобын жою» операциясы сәтті жүзеге асқан. 

Содырлар тобын жою операциясы «Оймаша» полигонында басталды. Әскерилер «Халифат» мемлекетін құруға ұмтылған заңсыз қарулы құрылымдарды тауып, олардың көзін жою жөніндегі жауынгерлік тапсырмаларды орындады. Операцияның сәтті жүзеге асуына жерден және әуеден барлау қызметтері, арнайы мақсаттағы топтардың тыңғылықты дайындығы әсер еткен.

Заңсыз қарулы топтардың сытылып кеткен бөлігін жою бойынша әскери шабуылдар одан әрі Тоқмақ мүйісіне жақын теңіз аумағында жалғасты.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Оқу-жаттығудың екінші бөлімі Ақтау қаласынан 150 шақырым жерде теңіз жағалауындағы Тоқмақ мүйісінде өтіп жатыр. Мұнда жаудың лагері орналасқан. Оны әуеден, теңізден және құрлықтан әскерлер қоршап, оқшаулау операциясы жүргізілуде. Оған 4 мың әскери қызметші мен 700-ден астам арнайы техника жұмылдырылған.

Содырлар тобынан қалғандарды түбегейлі жою үшін, біріккен әскерлер тобының бөлімшелері барлау жүргізді. Операцияға әскери-теңіз десанты мен әуе десанттары, шабуылдау эшелондары, мобильді-атыс тобы қатысты. Оларға зымыран-артиллериялық кемелері, артиллериямен, армиялық және майдандық авиация қолдау көрсетті.

Сахиб Мамедов, Әзербайжан Республикасының әскери қызметшісі:

Оқу-жаттығудың мақсаты - осы елдердің әскерін біріктіріп, жауынгерлік тапсырмаларды бірге орындауға жұмылдыру болатын. Менің ойымша, көздеген мақсатқа қол жеткіздік. Келесі оқу-жаттығуға да қуана қатысамыз.

Дильшат Рузода, Тәжікстан Республикасының әскери қызметшісі:

«Бірлестік-2024» оқу-жаттығуы жоғары деңгейде өтті. Бұл бірінші рет қазақ жерінде ұйымдастырылды. Біздің әскери контингент те қатысты. Жауынгерлеріміз үлкен тәжірибе жинады.

Оқу-жаттығу барысында қайта топтастыру және біріккен әскерлер тобын құру мәселелері пысықталған. Тактикалық эпизодтарды орындау кезінде заманауи қару-жарақтар мен әскери техника қолданылды.

Серік Борамбаев, ҚР Қарулы күштері әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы:

Бәрі ойдағыдай өтті. Біздің командирлеріміз олардың бөлімшелерін басқарып, олардың әскері біздің бөлімшені басқарып, бірлестік деген аты министрлер басшылар қойған тапсырмаған ең бастысы соған жеттік деп ойлаймын.

«Бірлестік-2024» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуына Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстанның әскери қызметшілері қатысты. Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін, бірқатар әскери қызметші медальдармен марапатталды.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу