Үйге адам тіркеу тәртібіне өзгеріс енгізілмекші - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Үйге адам тіркеу тәртібіне өзгеріс енгізілмекші

Үйге адам тіркеу тәртібіне өзгеріс енгізілмекші

Елімізде үйге тіркелетін адамның санында шектеу жоқ. Бірақ тіркеуде тұрған адам сол үйде тұруы тиіс деген талап бар. Ал үйге тіркелген адамдардан ақша алып, пайда табу заңға қайшы. Жалпы тіркеу тәртібі қалай жүзеге асады? Раушан Сайлауқызының материалы.

Жуырда аядай үйіне 1000 адамды тіркеген адамның сотталғаны желіде желдей есті. Шағын пәтеріне шетелдіктерді тіркеп, табыс тапқан азаматтың бұл айласы ұзаққа бармады.
Жандос Тұяқов, заңгер:
Ол тіркегені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып тұрған жоқ. Заңсыз миграцияға өзінің үлесін қосқаны үшін. Сол себептен азаматқа жаза қолданып жатыр. Қолданыстағы заңнамаға келетін болсақ, қандай да бір үйге тіркеуге тұру үшін қандай да бір тыйым салынбаған. 1000 адам болсын, заңда тыйым салынбаған.
Көші-қон заңына сәйкес шетелдіктер 3 күн ішінде ІІМ хабардар етуі тиіс. Одан бөлек биылдан бастап саусақ ізін тапсырады. Ал қазақстандықтар тұрғылықты жері бойынша тіркелуі шарт. Егер өзге өңірде 1 айдан астам тұрса, ол жерге уақытша тіркелуі тиіс. Әйтпегенде 20 419 теңге айыппұл, үй иесі 29170 теңге төлейді. Елімізде пәтерге тіркелетін адамның санында шектеу жоқ. Бірақ одан пайда табу заңсыз. Мұндайға құзырлы органдар қалай жол берген?!
Айнұр Юсупова, ҚР Цифрлы даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің комитет төрағасы:
Тіркелу мәселесі керісінше цифрландырудың арқасында белгілі болды. Электронды үкімет порталында әр азаматтың жеке кабинетінде өзінің жеке басындағы жылжымайтын мүлік туралы ақпарат бар. Ақпаратты бассаңыз үйіңізде кім тіркеліп тұрғаны бәрі ашық көрініп тұрады. 
Қазір мониторинг жұмыстары басталды. Нәтижесінде тіркеуді табыс көзіне айналдырғандар анықталыпты. Тіпті кей адамдар пәтеріне бөгде адамдардың тіркелгенін де білмеген.
Нұржан Жаңабаев, ҚР ІІМ көші-қон қызметі комитетінің аға инспекторы:
Қазіргі таңда резеңке пәтерлердің көбейіп кетуіне байланысты көптеген азаматтардың тіркелген мекенжай бойынша тұрмайтындығына байланысты нормативтік құқықтық актілерге түзетулер енгізуді қарастырып отыр.
Нормативтік – құқықтық акт деп отырғаны енді тіркеуге қоюға шектеулер қарастырылуы мүмкін. Министрлік әзірлеп жатқан бұл құжат Үкімет отырысында күзде қаралмақшы. Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай адамдарды шетсіз-шексіз тіркей берудің салдары ауыр деп есептейді.
Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Өте қарқынды дамып келе жатқан, халқының саны тез өсіп жатқан қалалар санатындағы Астана қаласының осындай адамдарды тіркеудегі шексіздігі үлкен-әлеуметтік экономикалық салдарға әкелуі ықтимал. Өйткені өздеріңіз білесіздер ауыз су, электр қуаты, жылуға байланысты мәселелер туындап жатыр. Мұның себеп-салдарын ары қарай зерттеп, арнайы заңға өзгерістер енгізуді де қарастыруға болады.
Сенатордың айтуынша бұл мәселеге қатысты құқық қорғау органдары, электронды үкімет, бас прокуратура тарапынан тексеруді қолға алып, сараптама зерттеу жасалуы тиіс. Әсіресе шетелдіктерге бақылауды күшейту қажет. Өйткені бейқам отыратын кезең емес. Мемлекет пен халықтың қауіпсіздігі басты назарда.

Раушан Сайлауқызы

Бөлісу