Су тасқыны: 4 облыста құрылыс қарқыны төмен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Су тасқыны: 4 облыста құрылыс қарқыны төмен

17.07.2024

Тасқыннан зардап шеккен өңірлердегі құрылыс сапасына әкімдер жеке өздері жауап береді. Премьер-министр Олжас Бектенов инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша кеңес өткізді.

Әкімдіктер қажетті қаржымен толық қамтамасыз етілген, үйлердің үлгілік жобалары да бекітілді. Дегенмен кей өңірлерде жұмыс 15-25 күнге артта қалып отыр. Атап айтқанда, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола және Атырау облыстарында қарқын төмен. Үкімет басшысының тапсырмасымен өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев пен бірнеше вице-министр барлық жұмыс аяқталғанға дейін тікелей құрылыс алаңдарында болады. Үкімет басшысы құрылыс сапасын қатаң бақылауды тапсырды.

Қазіргі таңда зардап шеккен аймақтардағы үйлер толық тексеріліп, бағаланды. Қорытындысында, 9 200-ден аса үй жөндеуге жатады. 7,5 мың отбасы өтемақы алған. Шаруаларға суға кеткен мал үшін 2,8 млрд теңге төленді. 34 мыңға жуық адамға біржолғы өтемақы берілді. Ал шағын және орта бизнестің 178 өтініші мақұлданып, 1,5 млрд теңге шығындары өтелді. Жергілікті жолдарды жөндеуге 22,7 млрд теңге бөлініп, мектептерді қалпына келтіруге 7,5 млрд теңге бағытталған. Үкімет басшысы құрылыс сапасын қатаң бақылауды тапсырды.

Олжас Бектенов, - ҚР Премьер-министрі:

Қалпына келтіру жұмыстарының қарқынын жеделдету қажет. Құрылыс материалдарын жеткізуге, еңбек ресурстары мен арнайы техниканы алаңдарда жұмылдыруға байланысты барлық мәселені жылдам шешу қажет. Кестеден кешігуге әкеліп соғатын барлық проблемалар туралы дереу орталыққа хабарлау керек. Қажет болса, біз ресурстарды қайта бөліп, техника мен адамдарды көбейтеміз. Барлық құрылыс нормалары мен қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету маңызды.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу