Орталық Азиядағы ең үлкен зауыт салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орталық Азиядағы ең үлкен зауыт салынады

16.07.2024

Алматы облысында америкалық «Pepsico» компаниясы Қазақстандағы ірі жобаны қаржыландырады. Қытырлақ картоптан жасалынатын жеңіл тағамдар шығаратын зауыттың құны - 160 млн доллар. 

Айдана Қуантхан, тілші:

Орталық Азиядағы ең ірі зауыттың құрылысы қыркүйек айында басталады. Мына 26 гектар аумақта орналасатын кәсіпорынды 2026 жылы іске қосу көзделген. Оның қуаттылығы бастапқы кезеңде жылына 16 мың тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы.

Кейіннен өнім көлемі 21 мың тоннаға дейін ұлғайтылып, ішкі нарықты, сондай-ақ Орталық Азия елдерін қамтиды. Құрылыс кезеңіне мыңнан астам адам жұмылдырылса, кәсіпорын іске қосылған соң 350-ге жуық маманды тұрақты жұмыспен қамту көзделген.

Константин Федорчук, «Pepsico» компаниясының өкілі:

Бастапқы уақытта компания 66 мың тонна картопты жергілікті шаруалардан сатып алуды көздеп отыр. Кейінірек көлемді ұлғайту жоспарда бар. Сондай-ақ зауыт «Pepsico» халықаралық стандарттарға сай бірегей технологиямен жабдықталады.

Заманауи зауыт қоршаған ортаға зиян келтірмейді. Жаңа кәсіпорынның қалдықтары 100 пайыз қайта өңделіп, кәдеге жаратылады. Бірегей өндіріс орнының Алатау қаласында салынуы бекер емес. Бұл аймаққа экономикалық серпін береді. Сондай-ақ жергілікті шаруаларға да демеу болады, -  дейді қала әкімі.

Аркен Өтенов, Алатау қаласының әкімі:

Экспорттық әлеуетімізді өсіреді, салық жағынан да табыстарымыз өседі және ең бастысы өнеркәсіп дамиды. Жол картасына сәйкес біз оларға газ құбырын тарту, электр желілерін тарту бойынша көмек жасап жатырмыз.

Компания жобаны қысқа мерзімде іске асыруға мүдделі. Алдағы уақытта «Pepsico» компаниясы сұранысқа ие өнім түрлерін шығару үшін тағы да инвестиция салады.

Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу