Трамп президенттікке кандидат болып ұсынылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Трамп президенттікке кандидат болып ұсынылды

16.07.2024

АҚШ Республикалық партиясы Дональд Трампты президенттікке ресми түрде ұсынды. Мұндай шешім осы партияның 4-күндік съезінде қабылданды.Трамптың өзі болса, вице-президенттікке Джеймс Вэнсті таңдаған. Дегенмен күздегі сайлауда кімнің жеңетінін болжау қиын. Соңғы сауалнама қорытындысына қарағанда Трамп пен Байденнің мүмкіндігі бірдей. Нақтылай кетсек бұл зерттеу Трампқа оқ атылғанға дейін жүргізілді.

Дональд Трамп өзіне қастандық жасалғаннан кейін алғаш рет көпшілік алдына шықты. Ол Висконсин штатының Милукоки қаласында ашылған Республикалық партия съезіне барды. Жиында Трамп президенттікке ресми түрде кандидат ретінде ұсынылды. Бұның алдында Трамп вице-президенттікке сенатор Джеймс Вэнсті таңдағанын жариялады.
Естеріңізге сала кетсек жақында Пенсильваниядағы митинг кезінде Трампқа оқ атылды. Сол шабуылда оның бір құлағы жараланды.
Дэвид Бельман, Республикалық партия съезінің қонағы:
 Трампқа қастандық бәріміздің бірлігімізді нығайтты. Партияның ауызбірлігі күшейді. Біз осы үміткерді сайлаймыз деген ұйғарымға келдік. Трамптың айналасына топтасамыз енді.
Трамп президент болсам, вице-президенті етемін деген Вэнске қазір әлем назары ерекше. Себебі қарашада республикалық үміткер жеңіс тұғырынан көрініп жатса, бұл саясаткер Құрама Штаттарда екінші адамға айналады. Вэнс – әйгілі Йель құқық мектебінің түлегі. Бір кездері Трампты нақұрыс, бейбақ, Американың Гитлері деп көпке танылды. Кейін Вэнс сол сөздерін қайтып алып, Трамптан кешірім сұрады. Экс-президент кешірді, сайлауға түсу ниетін қолдады, Вэнс сенаторға айналды.
Келли Проктер Пирс, Арканзастық адвокат:
Менің ойымша президенттің өзімен жұмыс істей алатын адамды таңдағаны маңызды. Орынбасарлыққа кандидаттардың барлығы өте жақсы адамдар. Бірақ Вэнс үшін өте қуаныштымыз.
39 жастағы Вэнс 78 жастағы Трамп, 81-дегі Байден тәрізді қарттар бақ сынайтын сайлауда жас толқын атынан өкілдік етпек. Ол қазіргі
демократ вице-президент – 59 жастағы Камала Харристің орнын басудан үмітті.

Айта кетсек, АҚШ-та президенттік сайлау қарашаның 5-інде өтеді. «Рейтер» мен «Ипсос» компаниясы шілдеде жүргізген сауалнама қорытындысына қарағанда, Байден мен Трамптың рейтингі қазір бірдей: екеуін де респонденттердің шамамен 40 пайызы қолдап отыр.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу