Қырғызстанда алапат тасқыннан 4 адам мерт болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қырғызстанда алапат тасқыннан 4 адам мерт болды

15.07.2024

Қырғызстанда толассыз жаңбырдың арты алапат тасқынға ұласып, 4 адамның өмірін жалмады. Нөсер жаңбырдан Ақ-Буура өзені арнасынан асып, Ош қаласындағы бірнеше ауылды су шайып кетті.

Ауыл маңындағы «Мол бұлақ» демалыс аймағында 44 жастағы әйел мен оның 19, 10, және 6 жастағы үш қызы қайтыс болды. Қазір, олардың денесін іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Тасқын салдарынан зардап шеккендер саны әлі де азаяр емес. Кеше 30 адам жедел жәрдем көмегіне жүгініп, оның 9-ы ауруханаға жатқызылған. 134 үй мен 15 көлік қирады. Сондай-ақ, тұрғындарды эвакуациялап жатқан камаз жүк көлігі байқаусызда бір адамды басып кеткен. Қазір Ноокат ауданында Ош-Баткен-Раазақов жолының учаскесі жабылды. Қауіп әлі де бар. Өйткені, нөсер жаңбыр 4 күннен бері басылмай тұр.

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу