Таза Қазақстан: Қоршаған ортаны таза ұстау – ортақ іс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таза Қазақстан: Қоршаған ортаны таза ұстау – ортақ іс

13.07.2024

Бүгін Алматының 8 ауданында су жағалаулары тазаланды. Акцияға әкімдік қызметкерлері мен жастар қатысты.

Ал шымкенттік экологтар шаһар аумағындағы заңсыз қоқыс тасталған полигонда сенбілік өткізді. Олар «Бадам» өзені мен «Қошқар ата» су айдыны түйіскен аумақты тазалап, күл-қоқыс жинады.

Ермахан Қозыбаев, қалалық экология департаментінің басшысы:
Осындай күл-қоқыстар көп тасталатын жерге бейнебақылау камераларын қойсақ деген ұсыныстар айтылған. Мұнда малдың өлексесі бар, кәдімгі күнделікті үйден шығатын тұрмыстық қатты қалдықтар да бар. Оны қалалық полигонға апарып, залалсыздандырамыз.

Бұған дейін Павлодардағы Ертіс өзенінің жағалауында күл-қоқыстан көз тұнатын. Ал сәуір айында басталған тазалық жұмыстарынан соң жағдай мүлдем өзгерді, - дейді әкімдік өкілдері. Соңғы кездері тұрғындар да қоқыс қалдықтарын жинап кетуге дағдыланған.

Сағын Төлеутаев, облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары:
Ел сабақ алып жатыр. Яғни олардың экологиялық санасы артып келеді. Болашақта бұндай акцияларды жүргізудің еш қажеті болмайды деген ойдамын. Әр шыққан сайын қоқыстың мөлшері азайып келеді. Бұл ненің көрсеткіші? Бұл халықтың санасының артып келе жатқандығы.

Арқалық қаласында да орталық саябақ, су тоғанының жағасы және Ашутасты ауылында көпшілік демалатын Ақжар су қоймасының жағалауы да қоқыстан тазартылды. Сенбілікке 1200 адам ат салысып, 500 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.

Тәжірибе көрсетіп отырғандай, жағажайларда демалушылардың басым бөлігі қоқыс шашып кетеді. Петропавл экологтарының пікірінше әр тұрғын тазалықты өзінен бастауы тиіс.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу