Ресейде су тасқынымен күрес жалғасып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде су тасқынымен күрес жалғасып жатыр

13.07.2024

Бірнеше өңірде су деңгейі көтеріліп, тұрғындарды эвакуациялап жатыр. Волгоград, Ханты-Мансийск, Хабаровск өлкелерінде төтенше жағдай қызметкерлері жұмыс істеуде.

Әсіресе Ханты-Мансийскідегі Югра ауданында ахуал нашарлап, су шекті нормадан асып кеткен. Бүгінгі күні тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілуде, уақытша орналастыру пункттері ашылды.

Жалпы соңғы айларда Ресейдің 64 өңірі көктемгі су тасқынынан зардап шеккен. Әіресе Қорған, Түмен, Орынбор облыстарында төтенше жағдай жарияланған еді. Қазір су тасқынының салдарымен күрес жалғасып жатыр.

Александр Куренков, РФ Төтенше жағдайлар министрі:
Су тасқыны басталғалы 29 мың тұрғын үй мен мың саяжай су астына кетті. 300 көпірді су шайды. Оған қоса 140 әлеуметтік нысанды су басты.Зардап шеккендерге уақытында көмек көрсетіліп жатыр.

Су тасқынымен күреске 11 миллиард рубль жұмсалған. Тіпті өңірлер қазынадан 6 миллиард рубль сұрауға мәжбүр болды. 420 мың адам бір реттік ақшалай көмек алды. Бүгінгі күні баспанасыз қалған 300 адам әлі уақытша орналастыру пунктінде тұрып жатса, мыңға жуық тұрғын туыстарының үйін паналап жүр.

Денис Паслер, Орынбор облысының губернаторы:
Әлі де шешілмеген сұрақтар бар. Үй мәселесін 95%-ға шештік, бірақ әлі салдарымен күресті жалғастырамыз. Комиссия жұмыс істеп жатыр.

Тұрғындар биыл қараша айына дейін баспанамен қамтылуы тиіс. Мамандар алдағы айларда тағы 10-нан астам өңірде су тасқыны болуы мүкін дейді. Оған қоса су қоймаларының басым бөлігінің тозығы жеткен.

Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу