Алматы облысының тұрғындарын жағымсыз иіс сергелдеңге салып отыр. Себебі кәріз суы жиналатын орындардан шыққан қолқаны қабатын иіс Іле ауданына қарасты ондаған ауылға тарайды. Онда қазір 120 мың адам тұрады. Бүгін күрмеуі қиын мәселені талқылауға ауыл халқы, жауапты министрлік өкілдері, Мәжіліс депутаттары мен облыс әкімдігінің мамандары жиналды.
Жауаптыларға базынасын айтуға Іле ауданына қарасты Қосөзен, Қараой, Рахат, Байсерке және Нұрғиса Тілендиев ауылының тұрғындары жиналды. Айтуларынша бұл мәселе бойынша 2011 жылдан бері жауапты мекемелердің табалдырығын тоздырған. Қолқаны қабатын сасық иістің кесірінен түрлі ауру көбейді, - дейді.
Азамат Сәкенұлы, Іле ауданының тұрғыны:
Бала-шағамыздың барлығы ауру болды. Күндіз, кешке қарай көшеге шыға алмаймыз.Үйде отырады. Неше түрлі жаралар шығады. Мына жеріме де шыққан жара оны алғыздым. Мен ойлаймын сол сасық иістен ғой деймін.
Қуан Нұрақын, тілші:
Тұрғындарды мезі қылған сасық иіс осыннан шығады. Бір рет сүзгіден өткізілген Алматының кәріз суы осында құйылады. Дәл осындай тұнба жиналатын мұнда 120-ға жуық орын бар.
Тұрғындар жағымсыз иістің шығуына «Алматы су» мекемесін кінәлап отыр. Ал жауапты мамандар тұнба жиналатын орындардың бетін жабу мүмкін емес, - дейді. Қазір жаңа жоба жасалып, бекіту ғана қалған.
Досжан Камалұлы, «Алматы су» мекемесінің департамент директоры:
Қазір жоба санитарлық-эпидемиологиялық мамандардың келісімін күтіп тұр. Жоба толық жүзеге асса, ауаға бөлінетін жағымсыз иіс пен улы заттардың мөлшері едәуір азаяды.
Жауапты маман жаңа технология қашан жүзеге асатынын нақты айта алмады. Ал СЭС мамандары тиісті рұқсат құжаттары шикі екенін айтады. Олқылықтың орнын толтыру үшін жобаны кері қайтарған.
Зәурен Ахметова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі комитет басшысының орынбасары:
Соңғы үш жылда бізге осы ауылдың тұрғындарынан 6 арыз түсті. Осыған байланысты біз ауаға тексеру жүргіздік. Зерттеу нәтижесінде 4%-дық сынамадан аммиак, көмірсутегі мен азот дикосиді сияқты химиялық улы заттардың шамадан тыс жоғары екенін анықтадық. Сондай-ақ санитарлық аймақта бірнеше заң бұзушылық орын алғаны белгілі болды. Біз бұл туралы тиісті органдарға ескерту жасап, хат жібердік.
Мәселені бір-біріне сілтеген жауапты мамандар бір байламға келе алмады. Жаңа жобаның қашан мемлекеттік сараптамадан өтіп, жүзеге асатыны белгісіз. Десе де, жиналғандар келер апта Астанада тағы бір жиын өткізуге уағдаласты.
Қуан Нұрақын