Ақтөбе облысында кәсіпкерлердің шығыны өтеліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында кәсіпкерлердің шығыны өтеліп жатыр

12.07.2024

Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлердің шығыны өтеліп жатыр. Жалпы өңірде 76 бизнес субьектісіне залал келген. Ай соңына дейін он нысан үшін 119 миллион теңге қаржы төленеді. Басқаларының мәселесі аймақтық комиссияның отырысында кезең-кезеңмен әр апта сайын қаралады.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Су тасқынынан зардап шеккен нысанның бірі – осы. Елек өзенінің жағасында орналасқан өндіріс орны түгелдей нөпір судың ортасында қалған. Құны 70 миллион теңге болатын мына құрылғылар істен шыққан.
Минералды су шығаратын кәсіпорынның иесі шығын көлемі 100 миллион теңгеден асып кеткенін айтады. Бұзылған құрылғыларды жөндеп, ғимаратты қалпына келтіру үшін 60 миллион теңгеге жуық несие алған. Бағалаушылар мен комиссия жұмысынан кейін кәсіпкерге 59 миллион теңгеге жуық өтемақы берілетін болды.
Қарашаш Қабиева, кәсіпкер:
Түнде өте тез болды. Сосын үш күн су кетпей ұрып қалды да, сол қиын болды. Сол кредитке ремонт та жасап, өзіміз де ақшамызды салып жатырмыз. Жан-жақтан жолдастарымыз, балаларымыз көмектесуде.
Көктемгі су тасқыны кезінде тек Ақтөбе қаласының өзінде 46 кәсіпкерлік нысанға залал келді. Олардың дені дүкендер мен қызмет көрсету орындары. Табиғи апаттан келген шығын көлемі әлі есептеліп жатыр.
Алмас Салықбаев, Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы:
Республикалық резервтен, Үкіметтің резервінен бізге алдын ала 733 миллион теңге мақұлданып отыр. Осыған сәйкес шілде айына 120 миллион теңге бағыттап отырмыз. Енді толық ақша түскенде біз осы шілде айында бірінші тапсырған он кәсіпкерге сол 120 миллионды береміз.
Облыс бойынша 4,5 мыңға жуық мал шығын болды. Олардың иелеріне өтемақы ретінде бір миллиард жүз миллион теңге бөлінді. Дегенмен күрмеуі шешілмеген мәселе де бар. Шаруалар тасқын кезінде бұзылған қора-қопсы мен техникалар үшін көмек ала алмай отыр.
Руслан Күйшінов, Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:
Қолданыстағы ережелерде Кәсіпкерлер палатасында есепте тұрған кәсіпкерлерге өтемақы беру қарастырылмаған. Яғни ауыл шаруашылығы техникаларынан, жем-шөптерінен, ғимараттарынан айырылған шаруалардың жағдайы қиын. Сондықтан біз Ұлттық экономика және Ауыл шаруашылығы министрліктеріне сұрақ жолдадық. Мәселе жуық арада шешімін табуы тиіс.
Бүгін аймақтық комиссияның кезекті отырысы өтті. Мұнда 6 кәсіпкердің мәселесі қаралды. Оларға өтемақы тамыз айында төленеді. Шығынға батқан бизнес субъектілерінен арыз қараша айына дейін қабылданады.

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу