Ұлттық банк базалық ставканы 14,25% дейін төмендетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық банк базалық ставканы 14,25% дейін төмендетті

12.07.2024

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,25%-ға дейін төмендетті. Мамандар мұны жылдық инфляцияның біртіндеп төмендеп келе жатқанымен байланыстырады. Себебі маусым айында инфляция 8,4%-ға дейін баяулаған.

Ұлттық банктің дерегінше базалық мөлшерлемені төмендетуге бірнеше фактор ықпал етті. Ең алдымен жылдық инфляция төмендеген. Алайда азық-түлік бағасы мен тарифтің бағасы құбылып тұр. Өткен айда ұлттық валютамыз да біршама әлсіреген.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

Шешім қабылдау барысында инфляцияның динамикасы мен тәуекелдер балансы ескерілді. Ұлттық экономикада орнықты тұтынушылық сұраныс инфляциялық қысымды сақтап отыр. Ол фискалдық ынталандыруға және тұтынушылық кредиттеуге байланысты. Тарифті инвестицияға айырбастау бағдарламасына сәйкес тарифтердің көтерілуі жалғасуда.

Тимур Сүлейменовтің айтуынша ішкі экономикада инфляция қысымы әлі сақталып отыр. Инфляцияның баяу төмендеуі әуелі әлемдегі қымбатшылықпен байланысты. Көрші Ресейдегі инфляцияның жоғары қарқынмен өсуі Қазақстан нарығына әсер етіп жатыр. Сонымен бірге әзірге бюджет қаражатының қалай жұмсалатыны белгісіз. Ал ақша-кредит саясатын одан әрі жеңілдетуге байланысты мүмкіндік шектеулі.

Ақылжан Баймағамбетов, ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары:

Инфляция 8,4 %-ке дейін азайды. Ол соңғы 2,5 жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Бұл жақсы жаңалық. Алайда инфляция әлі де жоғары. Біздің мақсат – оны 5%-ке дейін төмендету. Сондықтан ставканы әлі де жоғары ұстауға тұра келеді.

Ұлттық банк басшысы «экономикадағы ақпараттар легін қадағалап отырамыз», - дейді. Күтпеген өзгерістер болмаса базалық мөлшерлеме кезең-кезеңімен төмендетіле бермек. Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешім енді 29 тамызда жарияланады.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу