Оралда «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Мөлдір бұлақ» экологиялық іс-шарасы эстафеталық сайыс түрінде өтті. Жастар тасқыннан кейін ластанған өзен жағасы мен орман-тоғайды қоқыстан арылтты. Олар бес топқа бөлініп, сайысты. Акция мақсаты - туған қаланы таза ұстау. Бұқара арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырып, өзгеге үлгі болу. Сәуірден бері аймақта 9 сенбілік өтіп, 74 мың аула, 200-ден аса саябақ жиналған. Күні бүгінге дейін өңірде 49 300 тонна қоқыс қалдығы шығарылған.
Әзілхан Жарасов, волонтер, студент:
Бір қызығы, сенбіліктер сайыс форматында өтіп жатыр. Алайда басты мақсат - жеңу, сыйлық алу емес, аймағымызды таза ұстау. «Орал қаласы - ең жасыл қала» статусын сақтап қалу.
Алматай Жұмағазиев, облыстық Экология департаментінің бөлім басшысы:
Біз осы тазалық акциясы арқылы экологиялық сананы өзгертуге тырысып жатырмыз. «Таза Қазақстан» деген өзіңнің отбасыңнан, үйіңнен басталатын нәрсе. Айналаңды, шарбағыңды тазалаудан. Экологиялық тәрбиені тек білім саласында емес, басқа салаларда да дамыту керек.
Ардақ Мұратқызы