Қарағанды облысы Балқаш қаласының тұрғындары аптап ыстықта судан тапшылық көруде. 2021 жылдан бастап құбырларды жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл жылу магистралінің 4 шақырымнан астамы, ал су құбырының 15 шақырымы жаңаланады. Ұзаққа созылған жөндеу жұмыстары қашан аяқталады?
Мейрамбек Тойшыбеков 20 жыл бойы Балқаш қаласында тұрады. Жыл сайын жылу мен суық судың магистральді құбырынан ақау шығып, жұрттың берекесі қашқан. Оның үстіне құбырларды тат басып кеткендіктен, краннан су ішу мүмкін емес дейді.
Мейрамбек Тойшыбеков, Балқаш қаласының тұрғыны:
Суық су жиі өшеді қала бойынша. Одан кейін ыстық суды да апат болып, оны да жиі сөндіреді. Берген күннің өзінде де ыстық судың қысымы жоқ, ысымайды. Екеуінде де есептегіштер тұр. Су берген кезде өтінім жазуың керек сеткасын тазалатуға. Әйтпесе, тастар тұрып қалады.
2022 жылдан бастап қаладағы суық су магистралін жаңалау жұмыстары басталған. Жалпы ұзындығы 125 шақырым құбырдың осы күнге дейін тек 35 шақырымы ауыстырылды. Қала бойынша ең нашар учаскелер анықталып, соның 15 шақырымы жаңартылмақ.
Мағжан Нұрланұлы, құрылыс учаскесінің басшысы:
Бұл жақтың құбырлары кеңестік кезеңде салынған шойын ғой ескірген. Сол ақауы бар 20 көше бойынша жұмыс жасап жатырмыз қазір. Сол 20 көшеңіз 15 шақырымдай болады магистральді құбыры. Соған биыл бөлінген 1 млрд 300 млн теңгені игеруіміз керек. Егер ертерек бітіріп жатсақ, ары қарай жалғастырып істей береміз ғой.
Мысты шаһардың жылу магистралі де әбден ескірген. Соңғы рет 90-шы жылдардың басында ауысқан шойын құбырлардың басым көбі шіріп кеткен. Оның үстіне қысым жоқ. Осыған байланысты 650 диаметрлік құбырдың орнына 720 диаметрлігі салынып жатыр. Биыл 4 шақырымнан астам жылу торабы ауыстырылмақ.
Ернар Әділбек, құрылыс учаскесінің басшысы:
100% таза болады ғой. Өйткені ескі мына 90-шы жылдардағы құбырлар ғой, ішінің барлығы татқа толып кеткен қайнағаннан. Құбырдың қалыңдығы бір қарағанда желінбеген, бірақ құбырдың астын жеп қойған. Құбыр шіріп кеткен.
Қаладағы негізгі магистраль толық ауыстырылған соң үйлерге берілетін жылу қалыпқа келеді. Жұмыс биыл қыркүйекте аяқталуы тиіс. Жоба құны 5 миллиард теңгеден астам. Ал ауызсу құбыры алдағы уақытта кезең-кезеңімен жаңаланбақ.
Жандос Бақытұлы