Оралда бала жұтылып кеткен сорғы қондырғысының иесі табылмады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда бала жұтылып кеткен сорғы қондырғысының иесі табылмады

11.07.2024

Оралда 12 жастағы бала жұтылып кеткен су соратын құбырдың иесі іздестіріліп жатыр. Деркөл өзені жағасында тұрған сорғы қондырғысымен тұрғындар бау-бақша суарады. Бірақ айналасы қоршалмаған. Арнайы белгі қойылмаған. Оқыс оқиға күні шомылуға барған баланың аяғы сорғы құбырына іліккен. Қуатты насос лезде баланы жұтып жіберген. Құтқарушылар сорғы құбырын кесіп, баланың денесін шығарып алды. Атасы дәл осындай оқиға бес-алты жыл бұрын да болғанын айтады.

Болат Есетов, атасы:

Мен келгенде баланы мына жерге шығарып қойған. Тап осы жерде жатты. Аяғын тұрба сорып алған. Мына сол аяғы екі бүктеліп, тұрбаның ішіне кіріп кеткен. Тұрбаның аузында сетка болуы керек. Тұрба су сорғанда балық та, қоқыс та өтіп кетуі мүмкін. Кеште оқиға болған уақытта токты тіпті айыра алмаған. Баланы суыра алмаған.

Ауыл әкімдігінің дерегінше өзен бойында осындай он шақты қондырғы бар. Көбінің қожайыны белгісіз. Енді оларды электр желісінен ажыратып, иесін түгендемек. Полиция бұл оқиғаны жазатайым оқиға ретінде тіркеген. Тергеу жүріп жатыр.

Тұрсынбек Уәлиханов, Деркөл кенттік округі абаттандыру бөлімінің басшысы:

«Жайық-Каспий» бассейні инспекциясына хаттар жолданды. Осы тұрбалар көп Деркөл кентінің аумағында. Дача көп, қожайындарын таба алмай қалады. Оны іздеп, анадан-мынадан сұрап, хат жазатын сәттері де болады.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу