«Ұлттық құрылтай – бұл мемлекет пен қоғам арасындағы басты диалог алаңы». Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин осылай деді. Және мәселелер тек үстел басында талқыланып қоймайды. Көтерілген бастамаларды аяғына дейін жеткізу құрылтай мүшелерінің міндеті. «Әр отырыстан кейін жұмыс жоспары қабылданады. Мәселен, биылғы наурыз айында Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысының қорытындысы бойынша жоспарланған 9 заңның бесеуі қабылданды», - деді Ерлан Қарин. Олар әйел құқығы мен бала қауіпсіздігі, есірткі мен вейп саудасы және ономастика мен геральдика жөніндегі заңдар. Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, құрылтай мүшелерінің міндеті заң жобалаумен ғана шектелмейді. Мысалы, биыл 2024-2026 жылдарға арналған заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимылдың кешенді жоспары қабылданған.
Елдос Есенбол