Елімізде қоқыстан энергия өндіретін зауыт салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде қоқыстан энергия өндіретін зауыт салынады

10.07.2024

Елімізде қоқысты қайта өңдеп, одан электр энергиясы мен жылу өндіретін зауыт салынбақ. Жоба құны шамамен 70 млн доллар. Елорда күні кеше ашылған «Akmola invest» орталығында облыс әкімі бірнеше инвесторлармен келісім жасап, меморандумға қол қойды. 

Зауыт елордаға іргелес Аршалы аумағына салынады. Нәтижесінде тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп, одан жылу мен тоқ өндірілмек. Қытайлық инвесторлар 1 тоннадан 400 кВт тоқ шығатынын айтты. Энергия көзімен жергілікті халықты қамтиды. Қуаты жетсе аумағы кеңейе бермек.

Сун Сяньшя, инвестор: 

Жоба құны шамамен 70 млн доллар. Құрылыс басталса жергілікті халықтың арасынан 300-дей адам жұмыспен қамтылады. Зауытты келер жылы осы уақытта аяқтаймыз.

Ал Мажарстан инвесторлары жоғары сапалы дәндерді өсіретін агротехнологиялық парк салуға ниетті. Құрылыс аяқталса, сапалы тұқым мен балық шаруашылығы қолға алынбақ. Кешенді жоба құны 50 млн еуро. Іргетасы күзде қаланады.

Зауыттардың Астана іргесінде орналасуы бекер емес. Ірі қалада сұраныс жоғары. Қазір әлемде инвестиция үшін бәсеке зор. Экономиканы әртараптандырып, жаңа жұмыс орындарын ашу қажет. Президент инвесторларға қолайлы жағдай жасап, қолдау таныту қажеттігін ұдайы айтып келеді. «Akmola invest»  орталығының да, мақсаты сол.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Жаңадан ашылған орталық - осы. Мұнда бір терезе қағидаты бойынша қызмет көрсетіледі. Келісімдер мен келіссөздер жасауға, жобаны бастан-аяқ аяқтауға, көмек көрсетіледі. Әрі мемлекеттік органдармен, бизнес қауымдастығымен байланыс жасауға мүмкіндік беріледі.

Ақмола - аграрлы аймақ, инвестор үшін мүмкіндігі мол. Кәсіпкерлердің дені әсіресе, ауыл шаруашылығы саласына қызығып отыр.

Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:

Бір айдың ішінде пилоттық жоба ретінде ашып, қазіргі таңда біздің портфелімізде 76 млрд теңге инвестициялық жоба бар. Бүгін соның бастамасы. Шетелдік екі компаниямен меморандумға отырдық.

Жалпы елімізде құны 10 млрд доллардан асатын 200-ден астам инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр. Саммит қарсаңында мұның саны арта түсті.

Ержан Елекеев, «Kazakh invest» ҰК АҚ басқарма төрағасы:

Жуырда саммит қарсаңында Қытайдан келген 700 компания өкілімен жиын өткіздік. Нәтижесінде құны 3 млрд доллардан асатын келісімшарт жасалды. Инвесторлардың біразы осы Ақмола облысының аумағына келуге ниетті.

Инвестициялық жобалардың ең ірісі - Алматы облысында. 2026 жылы әлемге әйгілі Pepsico компаниясының Орталық Азиядағы ең үлкен зауыты ашылады. Жеңіл тағамдарды өндіреді. Одан бөлек Шымкентте ірі жылыжай кешені, Абай облысында мыс қорытатын зауыт салынады.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу