Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына қатысушыларға Мемлекеттік туды тапсырды. Парижде болатын дүбірлі доданы бүкіл әлем асыға күтіп отыр. Байрақты бәсекеде қазақ елінің намысын 80 спортшы қорғайды. Мемлекет басшысы олармен арнайы сөйлесіп, сәттілік тіледі.
Бұл табысталған жәй ғана ту емес. Тұтас қазақ елінің намысы, үміті мен абыройы. Спортшыларымыз бұған дейінгі жарыстарда жүлдемен оралып жүр. Осы даңқты жолды абыроймен жалғайсыздар деп сенемін, - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әрине, чемпион болу оңай емес. Қазақта «Намысқа шапсаң – алысқа шабасың» деген сөз бар. Сондықтан жеңімпаз боласыздар деп сенемін. Бұл ең алдымен еліміздің спортшыларға артқан зор үміті, халықтың ақ батасы. Көк туымыз тек қана биікте желбіресін. Баршаңызға сәттілік тілеймін.
Елімізде спорт саласына ерекше көңіл бөлінеді. Қажетті жағдай тиісті деңгейде жасалып жатыр. Мемлекетіміз кәсіби ғана емес бұқаралық спортты дамытуға да мүдделі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Елді мекендерде арнайы алаңдар салынып жатыр. Өткен жылдың өзінде 70-ке жуық спорт орталығы ашылды. Биыл тағы 200-ге жуық нысан салынады. Баршаңызға мәлім Ұлттық олимпиада комитетінде өзгерістер болды. Олимпиада ойындарына дайындық штабы құрылды. Тәжірибелі мамандарды шақырдық. Белгілі спортшы Геннадий Головкин келді. Әр салада осындай өз ісінің нағыз шебері болуға тиіс. Сонда ғана нәтиже болады.
Жалпы қазақ спорт мектебінің мәртебесі қашан да биік. Бұны спортшылар да әр жарыс, әр жаттығу сайын сезінетіндерін айтты.
Асланбек Шымбергенов, Бокстан әлем чемпионы:
Лицензия алғаннан бастап Олимпиадаға дайындық жұмыстары басталып кетті. Оның алдында осы лицензияны алу үшін де жаттығу жасадық. Енді соңғы оқу-жаттығу жиынымыз қалды. Соны аяқтап Франция мемлекетіне аттанамыз.
Ольга Сафронова, жеңіл атлетикадан Азия ойындарының жеңімпазы:
Қазір біз Алматы облысындағы олимпиадалық дайындық орталығында шынығып жатырмыз. Дайындығымыз өте жақсы өтті. Әлемдік дода кезінде бабымызда болу үшін қазір жаттығу қарқынын сәл бәсеңдеттік. Париж төрінде еліміздің туын желбіретеміз деп сенемін.
Қазақстан құрамасы спорттың 25 түрінен 92 лицензия иеленген. Париж Олимпиадасына 80 спортшы барады. Президент Қазақстан құрамасы әлем алдында мәдениетті, ұстамды әрі озық үлгілерімен ерекшеленуге тиіс екеніне де назар аударды.
Оңғар Алпысбайұлы