Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Ұлттық құрама атынан 200 спортшы қатысады. Қазір аударыспақ секциясы бойынша Алматы облысында оқу-жаттығу жүргізіліп жатыр. Ауқымды бәсекеде ат үстіндегі күрес ойынынан ел намысын алты спортшы қорғайды. Дүбірлі додаға балуандардың дайындығы қалай?
Ермек Құралбай – аударыспақтан Әлем чемпионы. Ол бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойынына үміткер 60 келі салмақта өнер көрсетеді.
Ермек Құралбай, Аударыспақтан Әлем чемпионы:
Қазақстанның 9 дүркін чемпионымын, жастар арасында Азия чемпионы, былтырғы жылы Татарстанда өткен жайдақ күрестен Әлем чемпионы болдым.
100 келі салмақта тартысқа түсетін балуан Сырым Ізбасаров – ұлттық құраманың капитаны. Аударыспаққа айқасты жақсы меңгерген, тәжірибелі спортшы қатысуы керек, дейді.
Сырым Ізбасаров, Аударыспақтан халықаралық спорт шебері:
Жаттығу өте жоғары деңгейде. Бәрі сайдың тасында терілген спортшылар. Осы балуандар арасынан іріктеліп, көшпенділер ойынына шығамыз. Қазақтың Көк туын желбіретеміз деген ойдамын.
Қазір 15 спортшы күніне үш мезгіл дайындалып жатыр. Алайда, көшпенділер ойынына салмақ санаты бойынша алты балуан іріктелмек.
Жанбатыр Бекмұсаев, Аударыспақ Ұлттық спорты бойынша бас жаттықтырушы:
Оқу-жаттығу жұмысы 14 күнге созылған болатын болса, оның әр күніне жоспары бар. Таңғы алтыдан сегізге дейін жаттығуымыз бар. Таңғы астан кейін 10:30-да жаттығуымыз бар, сосын кешкісін үш сағат аттың үстінде жұмыс жасаймыз.
Айдана Қуантхан, тілші:
Сырттан қарағанда қарапайым көрінгенімен, бұл ойынның өзіндік айла-тәсілдері, тыйым салынған әдістері бар. Мәселен, атты қарсы қарап секіртуге, қамшымен қарсыласты ұруға, тіпті ер тоқымның басынан ұстауға болмайды. Аударыспақ - аттың ебі мен балуанның білегі сыналатын спорт.
Айдана Қуантхан