Ерекше қорғалатын аумақтағы ауылдарға дербес елдімекен статусы берілуі керек. Павлодар облысы аумағындағы «Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи резерватына барған Парламент Мәжілісінің депутаттары осылай деді. Бұл мәселе заң шығарушы органда бірнеше мәрте көтерілген. Еліміз бойынша 50-ге тарта ауыл мемлекеттік табиғи парктер мен резерваттардың аумағында орналасқан. Олардың төртеуі Павлодар облысында. Баянауылдағы Шонай ауылы мен Шарбақты ауданындағы Шалдай, Сүгір, Садықащы ауылдары қарағайлы орман ішінде тұр. Демек, тұрғындар ерекше қорғалатын аумақтарға арналған заңмен бекітілген талаптарды бұлжытпай сақтауы керек. Ал бұл қарапайым адам үшін өте тиімсіз. Себебі, жер учаскесіне иелік ету құқығы берілмейді, құрылыс жүргізіп, мал ұстауға, кәсіпкерлікпен айналысуға болмайды. Депутаттар мәселені онтайлы шешудің жолдарын жергілікті әкімдік өкілдеріне түсіндірді.
Нұржан Әшімбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Олар үйлерін ешкімге сата алмайды. Жер учаскелері мемлекет меншігінде. Басқа нысандарды қолдану, жұмыстар жасау үшін ол кедергі жасайды. Әкімдіктерге айтып отырмыз. Сот арқылы жұмысты бастаңыздар деп. Біз осыны қолдап, соттармен бірге қарастыруға дайынбыз.
Болат Аманбаев