Ақтөбе облысында 134 мопед жүргізушісі жол апатына түскен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында 134 мопед жүргізушісі жол апатына түскен

10.07.2024

Ақтөбе облысында жыл басынан бері мопедтердің қатысуымен 134 жол апаты тіркелген. Салдарынан бір адам қаза тауып, 16 адам жарақат алған. Оның үшеуі бала. Құқық қорғаушылардың айтуынша, 16 жасқа толмағандар арасында көлік тізгіндейтіндер көп. Қазір мұндай жүргізушілер ұсталып, қос дөңгелекті көліктері айып тұрағына қойылып жатыр.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Жыл басынан бері айып тұрағына қос дөңгелекті 324 көлік әкелінген. Бұлардың көбінің иесі жол ережесін өрескел бұзған. Араларында 16 жасқа толмағандары да бар.Сондықтан жол сақшылары рейдтік шаралар өткізіп жатыр.

Бұл аты-жөнін атамауды өтінген он жеті жастағы қала тұрғыны. Мопед айдағанына көп болмаған. Алайда, осы аз уақыттың ішінде абайсызда адам қағып үлгерген. Бүгін ол айып тұрағына көлігін алуға келді.

Мопед жүргізушісі:

Алдымнан шығып қалды, ішіп алған адам ғой, алдымнан шықты, байқамай басып кеттім. 40-пен келе жатыр едім ғой бағдаршамда. - Байқаусызда шығып қалды ма? - Иә,иә!

Соңғы кездері мұндай оқиғалар жиілеп кеткен. Полицейлердің күн-түн демей рейдке шығуы да сондықтан. Бұл шара барысында 15 көлік иесі жауапкершілікке тартылды. Олар жол жүру ережесін сақтамаған, рұқсатсыз адам тасымалдаған. Сондай-ақ, арнайы бейімделмеген көлікпен жеткізу қызметін атқарған.

Әсет Қалиев, қалалық Полиция басқармасының бастығы:

Ата-аналарға біздің ұсыныстарымызды тыңдауға, балалардың жетелеуіне ермеуге және мопед сатып алмауға шақырамын.

Қазірдің өзінде айып тұрағында 60-қа жуық мопед тұр. Иелері оларды айыппұлдарын төлеген соң алып кете алады. Дегенмен, мұндағы екі дөңгелекті көліктердің саны көбеймесе, азаятын емес.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу