Биыл ірі автожолдар іске қосылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл ірі автожолдар іске қосылады

11.07.2024

Биыл халық көптен күткен ірі автожолдар іске қосылады. Атап айтқанда «Астана – Алматы», «Алматы – Өскемен», «Ақтөбе – Қандыағаш», «Атырау – Астрахань» жолдары пайдалануға беріледі. Қазір 80% дайын. Бұл жобалар еліміздің көлік құрылымын нығайтып, іскерлік белсенділіктің артуына ықпал етпек.

«Алматы-Астана» республикалық маңызы бар автокөлік жолының құрылысы аяқталуға жақын. Бағыт төрт негізгі бөлімнен тұрады: Қарағанды – Балқаш, Балқаш – Бурылбайтал, Бурылбайтал – Күрті және Шамалған станциясына айналма жол. Барлық учаскенің жалпы ұзындығы - 946 шақырым.

Қуан Нұрақын, тілші: 

Атқарылып жатқан жобалардың тағы бірі - Шамалған станциясын айналып өтетін мына жол. Қазір мұнда шаруа қауырт. Көпір маңындағы негізгі жұмыстар ғана қалған. Жоба жаздың соңына қарай бітеді деп жоспарланған.

Көлік министрлігінің мәліметінше, қалған жолдар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Қазір учаскелердің басым бөлігінде жұмыс аяқталып, абаттандырылып жатыр. Ал құрылыс сапасымен бірнеше мекеме айналысады.

Нұртілек Хасенов, ҚР Көлік министрлігі автомобиль жолдары комитетінің бас сарапшысы:

Мердігер мекемелер, жолдағы қадағалау инженерлік ұйымдар, «ҚазАвтоЖолдың» облыстық филиалдары және жол активтерінің ұлттық сапа орталығы сияқты мекемелер бірнеше сатыдан тұратын реконструкция құрылыс жұмыстарының сапасын бақылап қатаң бақылауда ұстап отыр. 

Мемлекет басшысы еліміздің көлік инфрақұрылымын дамыту үшін тас жолдардың тақтайдай болуы маңызды екенін айтқан болатын. Жүргізушілер бастысы сапаға мән берілсе, ел ішінде көлікпен қатынау жеңілдей түсер еді, - дейді.

Сонымен қатар «Жезқазған – Қарағанды» магистралін жобалау жұмыстары басталды. Мұның бәрі – жүзеге асырылып жатқан және жоспарланған ауқымды жобалардың бір бөлігі ғана. Алдағы 3 жылда қосымша туристік нысандарға апаратын 2 мың шақырым жол жөнделмек, - дейді жауаптылар.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу