Үкімет басшысы жол сапасын сынға алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет басшысы жол сапасын сынға алды

09.07.2024

«Жаңадан төселген асфальт қолмен үгітіліп жатыр». Ақтөбе облысындағы тасжолдың сапасын осылай сипаттаған Премьер-министр Олжас Бектенов мердігердің жұмысын жіті қадағаламайтын әкімдерге шүйлікті. Әрі бөлінген қаражатты игере алмай жатқан бірнеше өңірдің басшысын сынға алды. Ал күн ерте суытатын солтүстік пен шығыстағы аймақтарға құрылысты уақытылы аяқтауды тапсырды. «Жаңадан төселген асфальт қолмен үгітіліп жатыр». Ақтөбе облысындағы тасжолдың сапасын осылай сипаттаған премьер Бектенов мердігердің жұмысын жіті қадағаламайтын әкімдерге шүйлікті. Әрі бөлінген қаражатты игере алмай жатқан бірнеше өңірдің басшысын сынға алды. Ал күн ерте суытатын солтүстік пен шығыстағы аймақтарға құрылысты уақытылы аяқтауды тапсырды.

Жолдың жыры – елдің мұңы. Тесік трасса тұрғындардың тағатын тауысқалы қашан?! Арыз әлі азаяр емес. Дені жергілікті жолдарға қатысты. Кейбірін бүгін Үкімет басшысы тізді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының тұрғындары Жұрын мен Қаракөл ауылдарының арасында биыл төселген асфальттың сапасын көрсетті – жаңадан төселген асфальт қолмен үгітіліп жатыр. Ал Жетісу облысы Кербұлақ ауданы Қоянкөз ауылының тұрғындары асфальт төсеу технологиясын сақтамаған мердігер компанияны өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр етті. Әкімдіктер қайда, неліктен күнделікті сапалы бақылау жүргізілмей жатыр?
Көктемде көп жолды су шайып кетті. Сол 300-ге жуық учаскені қалпына келтіру үшін 28,5 млрд теңге бөлінетіні хабарланған еді. Ал премьер енді жол төсегенде жиналған суды өткізіп жіберетін құбырларды қоса салуды тапсырды.

Жалпы биыл 12 мың шақырым жол салынып, жөнделіп жатыр. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Оның 8 мыңы – республикалық, 4 мыңы – жергілікті желіге тиісілі. Жыл соңына дейін жұрт асыға күтіп жүрген Қарағанды-Алматы, Талдықорған-Өскемен, Ақтөбе-Қандыағаш және Атырау-Астрахан тасжолдары қолданысқа беріледі. Жол құрылысы «екі қолға бір күрек» таппай жүргендерге де мүмкіндік. Бірақ жұмысшы бәрібір жетер емес. Ал шет елден қол күшін тартуға шектеу бар.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
Қарағанды, Абай Жамбыл, Ақтөбе және Атырау облыстарында орналасқан жобаларға шетелдік жұмыс күшін тартуға 500 квота мөлшерінде жетіспеушілік байқалады.
Сала министрі бірнеше облыс әкімдігі кей жер учаскелерін сатып алуға кедергі келтіріп отырғанын да айтты. Бұл құрылыстың қарқынына кері әсер ететіні түсінікті. Үкімет басшысы жобаларды іске асыру мерзімі мүлтіксіз сақталуын тапсырғаны да сол. Әсіресе, қыс ерте түсетін солтүстік пен шығыста жол төсеуге кедергі болмауы керек деді. Ал Ақтөбе, Түркістан мен Ұлытау облыстары бөлінген қаржатты игере алмай жатқаны үшін сынға қалды.

Жолды салған соң, күтім де керек. Ол үшін жалпыға ортақ трассада ауыр жүк таситын техниканың жүруіне тыйым салу керек. Негізі ондай норма қабылданған – екі жылдан кейін күшіне енеді де. Алайда Премьер-министр тыйымды келесі жылдан бастап енгізуді міндеттеді.
Данияр Қайыртай, тілші:
Биыл көп күттірген бірнеше ірі жоба аяқталады. Мәселен, осы айда Түркістандағы Шақпақ баба асуында елдегі ең ұзын тоннель қолданысқа берілмек. Бұған дейін ол жерде қыстың боранды күндері көліктер қар құрсауында қалып қоятын. Ал шығыстағы Бұқтырма су қоймасында салынып жатқан бір жарым мың метрлік көпір құрылысы жыл соңына қарай аяқталады. Осы күнге дейін тұрғындар жазда паром арқылы, қыста мұз үстімен басын бәйгеге тігіп жүруге мәжбүр.

Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу