Алматы облысының Талғар ауданында бүгіннен бастап табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі енгізілді. Қауіпсіздік мақсатында Іле-Алатау ұлттық табиғи паркінің аумағына баруға шектеу қойылды. Табиғаттың тосын мінезінен алматылықтар да әбігерге түсіп отыр. Мәселен, кешеден бері толассыз жауған жауыннан Көкқайнар ықшам ауданы тұрғындарынан маза қашқан. Себебі, жер үйлердің маңынан өтетін шағын өзен арнасынан асып, баспаналардың ішіне дейін кіріп кеткен. Мәселені аудан, қала әкімі, тіпті Мәжіліс депутаттары да біледі, дейді көкқайнарлықтар. Алайда, екі жылдан асса да ешкім мәселені шешуге асығар емес. Соның кесірінен, тұрғындар үйге жөндеу жұмыстарын жүргізуден қорқып қалған. Себебі, еңбегіміз еш кете ма деп алаңдайды.
Райхан Сарыбаев, Көкқайнар ықшам ауданының тұрғыны:
Негізі сәуірдің 16-сы күні су алды бұл үйді. Кептіре салып үйге ремонт жасай бастағанбыз. Мамырдың 16-сы күні үйді қайтадан су алды. Сонымен тоқтатып қойдық. Қалай жауын болады мына жердің барлығы үйдің анау терезенің астына дейін су лық толады. ТЖМ ойбайлап жатасың 1-1,5 сағат дегенде бір екі машина бөледі. Олар өзеннің жанындағы үйлерді тарта бастайды. Мына жерге келмейді.
Сержан Әділханов, Көкқайнар ықшам ауданының тұрғыны:
Су тізеден көтеріліп, асып ауыз үй мен асханаға кірді. Арғы жақта кіреберісте стяжканың бәрі түсіп кетті.
Біз осы мәселе бойынша Алматы қаласының әкімдігіне сұрау салдық. Жауабын алдағы топтамада беретін боламыз.
Қуан Нұрақын