Президент лудоманияға қарсы заңға қол қойды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент лудоманияға қарсы заңға қол қойды

08.07.2024

Мемлекеттік қызметкерлер мен әскери қызметшілер, енді бәс тігетін болса, бірден жұмыстан шығарылады. Букмекерлік кеңселер мен онлайн-казинолардың жарнамасына шектеу қойылды. Президент лудоманияға қарсы заңға қол қойды. Құмар ойыны бизнесіне қатысты тағы қандай өзгерістер бар? Рет-ретімен Айя Мүтәлі тарқатады.

Лудоманияға қарсы заң жобасы екі жыл бойы талқыланды. Қоғам ұзақ күткен заңды қабылдауға әсіресе, лоббистік топтар ықпал етіп кедергі келтіруге тырысқанын, депутаттар бұған дейін бірнеше мәрте айтқан. Соған қарамастан, тиісті құжатқа Президент бүгін қол қойды. Сонымен, ең басты өзгеріс, енді 21 жасқа толмағандарға құмар ойынын ойнауға тыйым салынады. Бұдан бөлек, қазақстандықтар бәс тігуге онлайн түрде өз-өзіне шектеу қоя алады. Өтінішті әр тұлға eGov қосымшасы арқылы өз атынан беруі тиіс. Туыстары мен достарының атынан арыз қабылданбайды. Ал шектеу мерзімі - 10 жыл. Оны мерзімінен бұрын тоқтата алмайды. Бұған дейін талай ұтыс ойындарына қатысып, әбден қарызданған тұлғалар да енді букмекерлік кеңселер мен казиноларға кіре алмайды. Бүгінде қара тізімге енген 3,5 млн қазақстандық бар. Мемлекеттік қызметшілер мен әскери қызметкерлер, бюджеттік ұйым басшыларына да бәс тігуге тыйым салынды. Шектеуге 280 мың адам іліккен. Талапты бұзса, ешқандай ескертусіз жұмыстан шығаралады. Заң жобасына бұл норманың енуі тегін емес. Себебі, бұған дейін мемлекеттік қызметкерлердің 507 млн теңгесін құмар ойынға жұмсағаны белгілі болған. Бас-аяғы 305 адам. Тізімде, әсіресе Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі мен Қаржы министрлігінің қызметкерлері көп. Заңдағы тағы бір өзгеріс - енді ел аумағында лицензиясы жоқ букмекерлік кеңселер мен онлайн-казинолардың интернет-ресурстарының қызметіне тыйым салынды. Ал онлайн-казино ұйымдастырушылар қылмыстық жауапқа тартылады. Олар 7 жарым млн теңге айыппұл төлеп, немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұдан бөлек, букмекерлік кеңселер мен онлайн-казиноларды Бұқаралық ақпарат құралдары, кино, видео арқылы жарнамалауға ішінара тыйым салынады. Ал құмар ойынын насихаттаған блогерлер мен қоғам белсендірі кемі 200 мың теңге айыппұл төлейді. Лудоманияға қарсы заңдағы басты өзгерістер осы. Президент қол қойған құжат 60 күн ішінде күшіне енеді.


Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу