Президент Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысты

06.07.2024

Түркі орталық банктерінің кеңесін құру қажет. Бүгін Әзербайданның Шуша қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай ұсыныс айтты. Жиынға ұйымға мүше елдер Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Өзбекстан мен бақылаушы елдердің басшылары қатысты. Ал Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған бейресми бас қосуға белгілі себептерге байланысты келе алмады. Саммите қандай мәселелер көтерілді? 

Әзербайжан. Шуша қаласы. Қарабахта орналасқан бұл жерді бауырлас ел Армениядан қайтарып алған. Бүгін осында түбі бір түркі елдерінің басшылары бас қосып, Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін өткізді.

Биыл ұйымға негізі Қазақстан төраға. X мерейтойлық саммит былтыр Астанада өткен еді. Бұл бейресми бас қосу. Өйткені талқылайтын мәселе көп. Соның негізгісі - бауырлас елдердің бірлігі. Геосаяси ахуал ушығып, жаһанда тұрақсыздық орнағанда мұның маңызы арта түсті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің күш-қуатымыз – бірлікте. Жалпы, кез келген қақтығыс пен қайшылықты шешудің жалғыз жолы бар. Ол – сындарлы диалог. Осы орайда төрағалығымыздың аясында «Медиацияға» ерекше мән беріп отырмыз. Мен Әзербайжан мен Армения елдері арасындағы бейбітшілік орнатуға бағытталған оң үрдісті ерекше атап өткім келеді. Біз татулыққа бастайтын қадамдарды барынша құптаймыз. Баку мен Ереван арасында бейбіт келіссөздер жүргізу үшін өз алаңымызды ұсынуға әрдайым дайынбыз.

Тағы бір өзекті мәселе сауда-саттықты арттыру. Президенттің мәліметінше жаһандық экономикаға қауіп төніп тұр. Бауырлас елдер бес саусақтай бірігіп, дағдарысты бірге еңсеруі керек деді. Қазір ұйымның жалпы ішкі өнімі бір жарым трлн доллар. Ал тауар айналымы 4042 миллиард доллардан асты. Бірақ ұйым әлеуеті әлдеқайда мол. Сондықтан өзара алыс-берісті арттырып, орта, яғни Транскаспий көлік дәлізінің толық пайдаланғануға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін қаржы саласындағы байланысты нығайта түсу керек. Осы ретте Түркі орталық банктерінің кеңесін құру қажет. Мен, сондай-ақ, Жалпытүркі патент ұйымын құруды ұсынамын. Биыл Түркі инвестициялық қоры Басқарушылар кеңесінің ұлықтау рәсімі өтті. Оның қызметі экономика және қаржы-инвестиция саласын дамытуға оң әсер етеді деп сенемін.

Қазір қарт Каспийдің игілігін бірге көріп келеміз. Теңіз арқылы сауда көлемі 65 пайызға артты. Әрі оның түбімен талшықты-оптикалық кабель тарту жобасы да іске асып жатыр. Бірақ теңіздің экологиялық мәселелерін де назардан тыс қалдырмауымыз керек. Аралдың шөлге айналуы да алаңдатарлық мәселе. Сондықтан осы бағытта түркі ғалымдарының ықпалдастығын арттыру қажет деді мемлекет басшысы. Жаһандық климаттың өзгеруі де салдарын көрсетіп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жер шарының әр түкпірінде болып жатқан аптап ыстық, орман өрті, қуаңшылық пен су тасқыны – осының айқын дәлелі. Біз түркі әлемімен бірлесіп, климат мәселесі бойынша ынтымақтастықты күшейтуге дайынбыз. Осы ретте биыл Әзербайжанда өтетін СОР29 климат конференциясының жұмысына белсене қатысуды жоспарлап отырмыз. Қазақстан климаттың өзгеруіне қатысты міндеттемелерге жауапкершілікпен қарайды.

Бұдан бөлек, президент елдеріміз үшін төл өркениетіміз бен ана тілімізді сақтау маңызды екенін айтып, жасанды интеллектінің көмегімен «Үлкен тілдік түркі моделін» әзірлеуді ұсынды. Жиын соңында Түркі мемлекеттері ұйымы Хатшылығын нығайту туралы мемлекттер басшыларының шешіміне қол қойылды. Ал саммит қорытындысы бойынша Қарабақ декларациясы қабылданды.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу