Қарағандыда Мәжіліс депутаты балалар ауруханасының ұжымымен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда Мәжіліс депутаты балалар ауруханасының ұжымымен кездесті

05.07.2024

Қарағандыға келген ең жас Мәжіліс депутаттарының бірі Динара Науымова облыстық балалар клиникалық ауруханасының ұжымымен кездесті. Халық қалаулысы 1 жылға жуық уақытта ауқымды жұмыс атқарған емдеу мекемесінің ұжымына тәнті болды. Ерекше балаларға арналған оңалту орталығындағы заманауи құрылғылар да қалыпты жұмыс істеп тұр.

Динара Науымова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бүгін әріптестерімізбен 18 жастан асқаннан кейінгі оңалту орталықтары жайлы сөз қозғадық. Себебі, жеке өз басыма мұндай орындардың аздығын айтып шағымданатындар көп. Сондықтан осы мәселені әлі де көтеріп, талқылайтын боламыз.

Талдықорғанда заңсыз салынған дүңгіршектер мәселесі өзекті болып тұр. Қалалық әкімдік жабайы сауда орындарын бұзуға дайын. Бірақ нәпақасын осы жерден тауып отырған тұрғындар оған қарсы. Саудагерлер өз уәжін Мәжіліс депутаттарына жеткізіп, ортақ шешім қабылдауға шақырды. Республика партиясы атынан барған халық қалаулысы мәселені жергілікті билік және сауда орындарының иелері өзара заңды түрде шешу қажеттілігін айтты.

Айтуар Қошмамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Біздің депутаттық сауалдың ең түп тамыры халық заңды түрде жер алып, жұмыс істей білу керек. Ол үшін әкімшілік тарапынан, министрлік тарапынан тиісті жұмыстар қажет. Оны ұйымдастыру қажет. Сондай орындарды белгілеп беру керек.

Қостанай облысына жұмыс сапарымен барған Мәжіліс депутаттары су тасқынынан зардап шеккендерге салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. Тек Жангелдин ауданында 41 баспана бой көтеруде. Бұл жұмыстар ай соңына дейін аяқталуы тиіс.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу