Иә дәл осы «Шанхай ынтымақтастық ұйымы плюс» саммитінде Біріккен ұлттар ұйымының бас хатшысы Антониу Гутерриш цифрлық технологиялардың зиянына тоқталды. Жасанды интеллектің қаупімен күресу – қуатты елдердің ғана шаруасы болмауы керек деді. Оның сөзінше, жасанды интелект тұрақты дамуға жол ашады. Дегенмен, соның кесірінен әлемде теңсіздік пен шиеленіс артуы мүмкін, - дейді Антониу Гутерриш.
Антониу Гутерриш, Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы:
Үкіметтерге технологиялық компаниялармен, академиялық ортамен және азаматтық қоғаммен бірлесіп, жасанды интелекті басқару және оның зиянын бәсеңдету жүйесін шұғыл түрде біріздендіру қажет. Бұл тек қуатты елдердің басты мақсаты болмауы керек. Мұнымен бүкіләлем бірлесіп күресуі қажет. БҰҰ осының бәрін жүзеге асыру үшін арнайы алаң ұсынуға дайын.
Ал Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин ұйым аясында цифрлық білім қауымдастығын құруды ұсынды. Әрі осы салада маман даярлау үшін алдағы үш жылда кемі мың квота бөлу туралы бастама көтерді. Сондай-ақ, өңірлік ынтымақтастық ілгерілетудің басым бағыттарын атады.
Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының төрағасы:
Бұл бағытта ауыл шаруашылығы технологияларын дамытып, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту маңызды. Сондай-ақ, экология және қоршаған ортаны қорғауға басымдық беру қажет. Ұлттық валютаның есеп айырысудағы үлесін көбейтіп, Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында қаржыландыру алаңын құру бағытында белсенді жұмыс жүргізу керек.
Түркия Президенті болса, Шанхай ынтымақтастық ұйымын Азия елдерімен диалог орнатуға өте ыңғайлы алаң деп санайды. Режеп Тайип Ердоған терроризмге қарсы күрес бағытында бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Себебі, осы лаңкестік әрекеттердің кесірінен миллиондаған адам босқынға айналды. Тек Түркияның өзінде 4 млн босқын бар.
Режеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:
Бүгінде әлемдік қауіпсіздіктің іргетасы шатқаяқтап тұр. Соның ішінде азық-түлік қауіпсіздігі мен көлік тасымалы кезіндегі кедергілер геосаяси ахуалды одан сайын ушықтырып отыр. Атажұртымыз — Орталық Азия елдерімен барлық салада ынтымақтастықты дамытуға дайынбыз әрі мүдделіміз. ШЫҰ Азия елдерімен диалог орнатуға өте ыңғайлы алаңдардың бірі екенін атап өткім келеді.
Ал Иран Президентінің міндетін атқарушы Мұхаммед Мохбер Орталық Азия мен Тегеран арасындағы достыққа Қазақстан дәнекер болып отыр дейді.
Мұхаммед Мохбер, Иран президентінің міндетін атқарушы:
Біз Қазақстан сияқты дос пейілді елдермен өзара қарым-қатынасымызды жоғары бағалаймыз әрі қонақжайлығыңыз үшін ерекше алғыс айтамыз. Қазақстан біз үшін Иран мен Орталық Азия арасындағы өзара достықты ілгерілетуші ел. Сіздермен арамызда өркениетті тарихи байланыс бар. Орталық Азия елдері мен Иран арасындағы өзара қарым-қатынас кеңейе түседі деп үміттенеміз.
Айя Мүтәлі