2024 жыл ШЫҰ-да экология жылы болып жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2024 жыл ШЫҰ-да экология жылы болып жарияланды

04.07.2024

Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымында 2024 жылды «Экология жылы» деп жариялады. Негізгі мақсат - климаттың өзгеруі, белең алған қуаншылық, басқа да табиғат апаттар мен экологиялық ахуалды шешу үшін ұйым аясында ортақ күш-жігерді ұйымдастыру. Осы мақсатта елімізде «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық акциясы жарияланып, халық тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Бүгін аймақтарда Қаратал, Нұра мен Қошқарата өзендерінің бойы тазарды. Оған 500-ден астам адам қатысып, арналардың бойында шашылып жатқан бірнеше тонна қоқысты жинап алды.

Қаратал өзенінің бойын тазалауға 120 адам шықты. Олар арнаны бойлай жүріп бір тоннаға жуық қоқыс теріп алды. Жалпы «Таза бейсенбі» акциясы басталғалы Қаратал ауданында 6 саябақ абаттандырылып, 154 шақырым арық тазаланған.

Жарқынай Нұрсұлтанова, Үштөбе қаласының тұрғыны:

Көлікте келе жатқанда көресің ғой, кетіп бара жатқанда терезесін ашады да лақтырып жібереді мусорды. Ол негізі дұрыс емес. Оның бәрі отбасынан басталады. Отбасында дұрыс тәрбие алса өйтіп тастамайтын еді.

Теміртау қаласында өткен экоакциялар аясында 20 жүк көлігі толы күл-қоқыс жиналып, полигонға төгілді. Мәслихат депутаттары, партия мүшелері мен белсенді жастар Нұра өзенінің бойын тазалады. Бұл осымен қала төңірегінде өткен 15-ші экологиялық шара.

Нұржан Әжік, «Amanat» партиясы Теміртау қалалық филиалының атқарушы хатшысы:

Самарқанд су қоймасынан осы Нұра өзеніне келіп құйылады. Өздеріңіз көріп отырсыздар оң жағалау мен осы жердің халқы осы жерге келіп демалады, қоқыстарын тастайды. Сондықтан да біз осында келіп қоқысын тазалаудамыз өзен, көлдерімізді.

Бүгін Шымкенттегі Қошқарата өзені де тазарды. «Жасыл ел» жасағы, «Жастар рухы» қанатына топтасқан 300-ге тарта жас арна бойындағы қураған ағаштарды кесіп, жағалауды қоқыстан арылтты. Шөбін орды. Жалпы 50 гектар жер тазаланды

Бекзат Төлебай, «Жастар рухы» жастар қанаты Шымкент қалалық филиалының төрағасы:

Шымкент қаласы мегаполис болғалы халық саны да артып келеді. Сондықтан қаланың таза болуы қонақтарға да өте әдемі көрінеді.

Қошқар ата өзені - қала ортасындағы жер астынан бастау алатын бұлақ суы. Шаһарды қақ жарып ағатын арна мегаполистің эко климатын жақсартып тұрған табиғи аумақ. Акцияға қатысушылар осылай ұйымдаса тірлік етіп, шаһар аумағын тұтастай тазалап шықпақ. Ол үшін мегаполистегі ластанған аумақтарының картасы жасалды.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу