Депутаттар әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Депутаттар әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысты

04.07.2024

Ел бойынша сот саласында маман тапшы. Ал өрт сөндірушілердің әлеуметтік тұрғыда қорғалуына жағдай жасау қажет. Өңірлерді аралап жүрген халық қалаулылары өндіріс орындарын аралап, жұмысшылармен кездесті.

Қазақстанда 300 судьяның орны бос тұр. Петропавлға келген Сенат депутаты Евгений Больгерт сала мамандарымен кездесіп, сот жүйесіндегі өзекті мәселелерді талқылады. Судьялардың айтуынша, қазір сот отырысының хатшысын табу да қиын. Себебі жалақы төмен.

Көкшетауға барған бір топ Мәжіліс депутаттары қала шетінде салынып жатқан мектептің құрылысын көрді. 1500 оқушыға арналған ғимарат келер жылы пайдалануға берілуі тиіс. Жұмыс жоспарға сай жүріп жатыр. Материал да, жұмыс күші де жеткілікті.

Ал Түркістан облысына барған Мәжіліс депутаттары Кентау жылу орталығын көрді. Жұмысшылармен кездесіп, қазандықтардың жағдайын тексерді. Кейін мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығына барды. Нысан өткен жылы пайдалануға берілуі тиіс еді. Алайда, құрылыс жұмыстары әлі күнге дейін аяқталмаған. Техникалық жағдайы да сын көтермейді.

Қайрат Балабиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Негізгі қазір біз көріп, өзіміз қанағаттанбадық. Кемшіліктер көп. Жасайтын жұмыстар көп. Ақша жетпесе, қосымша ақша сұрау керек.

Павлодар облысында өрт азайған. Бірақ қалада кем дегенде 10 өрт сөндіру бекеті болуы тиіс. Қазір бар жоғы үш бөлімше бар. Бұл аздық етеді. Өңірге барған Мәжіліс депутаты Асхат Рақымжанов төтенше жағдай кезінде алдыңғы шепте жүретін өрт сөндірушілердің әлеуметтік жағдайына мән берді. Мәселен, 180 мың жалақы алатын маман тұрғын үй алуға қаржы жинай алмайды. Денсаулықтарын жақсартуға да жағдай қарастырылмаған. Бұл кадр тапшылығын туындатып отыр.

Асхат Рақымжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Өрт сөндірушілердің қызметіне қарай қандай да бір заңды негізде жұмыс істеудің мағынасы бар сияқты және ол өте қисынды болады деп ойлаймын. Мен бұл мәселерді комитетте көтеруді жоспарлап отырмын. Әріптестеріммен бірге осы сапар барысында көтерілген барлық проблемалық мәселелерді шешу жолдарын қарастырамыз.

Ал Қостанайдағы ауыл шаруашылығы техникасын құрастыратын кәсіпорын жылына 1000 комбайн, 3000 трактор құрастырады. Халық қалаулылары зауыт жұмысшылармен кездесіп, өндіріс орнының болашақтағы жоспарымен танысты.

Ұмсындық Наурызбаева


Хабарламаларға жазылу