ШЫҰ: Қазақстан 4 рет төрағалық етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШЫҰ: Қазақстан 4 рет төрағалық етті

04.07.2024

Шанхай Ынтымақтастығы ұйымының даму тарихы тереңде жатыр. Бес елдің бірлесуінен басталған ұйым бүгінде жер-жиһан халқының жартысына жуығын қамтыған үлкен құрылымға айналды. Бастапқыдағы басты ұстанымдары – қауіпсіздікті қызғыштай қору болса, қазір әлемді алаңдатқан әр түрлі тақырыпты күн тәртібіне шығарады.

1996 жылы Қазақстан, Қытай, Қырғызстан және Ресей мен Тәжікстан бас қосып, бестік құрады. Ол «Шанхай бестігі» деп аталды. Мақсаты – шекара аумағында қарулы күштерді азайтып, әскери салада сенім мен келісімді нығайту. Бірақ араға 5 жыл салып, ұйым қатарына Өзбекстан қосылды. Сол кезден бастап «бестік» Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы деп аталып, тұрақты үкіметаралық қызметі қыза түсті. Бірте-бірте шекарасы кеңіді.

ШЫҰ әлем халқының 45%-ын қамтиды

Бүгінде құрамында 9 мүше, 3 бақылаушы және 14 диалог жөніндегі серіктес ел бар үлкен ұйым. Әлем халқының 45 пайызын қамтиды. Жалпы ішкі өнімнің 25 пайызы мен сауда-саттықтың 15 проценті де осы саяси бірлестікке тиесілі. Осыдан-ақ халықаралық саяси аренадағы орнын бағамдауға болады.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:

Мемлекеттердің мүдделерін бір-біріне жақындастыру, түсіністік қалыптастыру деген сияқты мәселелер үшін таптырмас ұйымның бірі. Сондықтан менің ойымша Қазақстанның төрағалығы да өзіміздің Қазақстанның есебін мүддесін қорғауға тағы бір мүмкіндік ашатын оны басқа да аймақтық немесе жаһандық күштердің ықпалын теңестіру мақсатында да біз үшін маңызды ұйым.

ШЫҰ: Қазақстан 4 рет төрағалық етті

Ұйымның негізгі мақсаты саяси, сауда-экономикалық, ғылыми, мәдени салалардағы ынтымақты арттыру. Аймақтағы бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты бірлесіп қамтамасыз ету. Сондықтан сарапшылар алдағы саммитте әлемдік геосаяси жағдайдан ұтымды шешім шығаруға, әсіресе, тұрақты инвестициялық байланысты сақтап қалуға ерекше ден қойылады дейді. Әрі ұйымға төрағалық еткен Қазақстан тарапының жұмысы қорытындыланбақ.

Әлібек Бақаев, ҚР Сыртқы Істер Министрінің Орынбасары:

Жүзден аса шара өтті. Түрлі салада. Ол тек саяси отырыстар емес СІМ-нің. Мысалы кеше ғана Көлік министрлігімен отырыс өтті. Ауыл шаруашылығы, медицина саласында яғни бізге қатысы бар әлеуметтік салада үлкен үлкен жұмыстар жасалып жатыр.

Бұдан бөлек, экология, энергетикалық қауіпсіздік мәселелері де назардан тыс қалмайды дейді сарапшылар. Әрі саммитте Беларусьті ұйымға қабылдау жоспарланып отыр. 2022 жылы Самарқанд саммитінде бұл мемлекеттің ұйымға мүше болу рәсімін бастау туралы шешімге қол қойылған еді.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу