Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов мінген ұшақ Астанаға жетті. Құрметті қонақты әуежайдан Премьер-Министр Олжас Бектенов қарсы алды. Гурбангулы Бердімұхамедов алғаш рет өткізіліп отырған «Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы плюс» форматындағы кездесуге қатысады. Ол «Көпжақты диалогты нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» деген атаумен өтеді.
Жалпы, Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы дипломатиялық қатынастар достық пен стратегиялық әріптестік негізінде дамуда. Транзиттік-көлік саласында бірлескен өзара тиімді жобалар бар, газ саласындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша қадамдар белгіленген. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы өзара сауда көлемі 563 миллион долларды құрады. Биыл да оң үрдіс сақталды: 4 айда өзара сауда көлемі өсіп, 167,8 миллион долларға жетті.