Қ.Тоқаев: Қытай – біз үшін тату көрші, достас мемлекет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қ.Тоқаев: Қытай – біз үшін тату көрші, достас мемлекет

03.07.2024

Ақордада өткен келелі кездесуден соң, мемлекеттер басшылары БАҚ өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, шақыруын қабыл алып, мемлекеттік сапармен келгені үшін Си Цзиньпинге алғыс айтты. Әрі оның сапары айтулы тарихи оқиға екенін айтып, Қытайды біз үшін тату көрші, достас және мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктес мемлекет деді. Қазір, байланыс сан салада жанданып келеді. Былтыр Қазақстан экономикасына құйылған Қытай инвестициясының көлемі 16 пайызға өсіп, 1 миллиард 800 миллион долларға жеткенін айтты. Сондай-ақ, екі ел арасындағы тығыз сауда және гуманитарлық байланыстардың даму тарихына тоқталып, оның келешегі жарқын боларына сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Халықтарымыз Ұлы Жібек жолы бастау алып, төрткүл дүниеге таралған киелі жолда ынтымағы мен бірлігін жарастырған. Тарих қойнауына үңілетін болсақ, Қытай елі қазақ халқына ешқашан жамандық жасаған жоқ, ешқандай тосқауылдар құрған емес. Жәрдем ғана берген. Біздің елдеріміз әрдайым өзара тығыз байланыста және шынайы достық қарым-қатынаста болды. Бүгін де солай және солай болып қала бермек. Мен бұған кәміл сенемін.

Ал Қытай төрағасы келіссөздердің жылы, достық сипатта өткенін және нәтижелі болғанын атап өтті. Қытай мен Қазақстан жаңғыру жолымен алға ілгерілеп, бір-бірінің мүддесін қорғайтынына сенім білдірді. Сондай-ақ, Си Цзиньпин қос елдің Біріккен ұлттар ұйымы, Шанхай ынтымақтастығы ұйымы, «Қытай – Орталық Азия» сияқты көпжақты алаңдар бойынша, тығыз ықпалдастық орнатқаны жөнінде атап өтті. Әрі Қазақстанның әлемдегі орта держава ретіндегі рөлі артып келе жатқанын және еліміздің жаһандық басқару ісіне лайықты үлес қоса алатынына сенім білдірді.

Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының Төрағасы:

«Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында жоғары деңгейдегі ынтымақтастықты жалғастыра береміз. Нақты салалардағы ықпалдастық бағытында жаңа нәтижелерге қол жеткізуге ұмтыламыз. Қысқа мерзім ішінде тауар айналымын екі есе ұлғайту жөнінде жаңа міндет қойылды. Біз сауда және экономика, инвестиция, индустрияландыру, көлік және энергетика сияқты салалардағы байланысымызды ұдайы нығайту жөнінде уағдаластық. Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен елдеріміз арасындағы үшінші трансшекаралық темір жол құрылысын жеделдетеміз.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу