Жақсылыққа жарысқандар! Ақтөбеліктер тазалық акциясын спортпен ұштастырды. Студенттер, оқушылар, мәслихат депутаттары мен өзге де мекемелерден құралған 25 команда «Жасыл кросс» байқауында бақ сынады. Бір сағат ішінде өзгелерден көп мөлшерде қоқыс жинап үлгерген топ жеңімпаз атанды. «Таза Қазақстан» акиясы басталғалы тек Ақтөбе қаласының өзінен жастар 200 тонна қоқыс шығарған.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Тазалық акциясының Ақтөбе суқоймасының жанында өтуі тегін емес. Өйткені бұл жерге дем алуға қала тұрғындары өте көп келеді. Өкініштісі, олардың көбі қоқыстарын осында қалдырып кетеді.
Сайыс түріндегі бұл акция былтыр да өткен еді. Ол кезде қатысушы командалар саны жиырмаға да жеткен жоқ. Ал, бұл жолы 200-ден астам тұрғын тілек білдірген. Әр командада бес адамнан бар.
Ақниет Әубәкір, оқушы:
Қоқыс жинап жатырмыз. Жалпы өте қызық болып жатыр. Он қаптай толып қалды. Жүгірген кезде алысқа қарай барып... Негізі мусор мына жерде аздау, сол қиын болып тұр.
Қатысушылар бір сағат ішінде жарыса жүріп, су жағалауын қоқыстан тазартып шықты. Кітапхана, орман шаруашылығы мекемелері мен мәслихат депутаттары да жастардан қалмауға тырысып бақты.
Айгүл Дүйсенова облыстық мәслихат депутаты:
Командамыз бар. Жастармен бірге қосылып, осы жерді тазартып жатырмыз. Әрине, жастар шапшаңдау жүгіріп жатыр. Бірақ, біз сапаға мән беріп жатырмыз.
«Таза Қазақстан» акциясы аудандарда да жалғасып жатыр. Осы уақыт аралығында жастардың көмегімен 3 мың тонна қоқыс шығарылды. «Жасыл ел» жасағының өзінде 2 мың студент жұмыс істеуде.
Мейірхан Ермағамбетов, облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы:
Кім көп көлемде қоқыс жинайды, сол тиісті сыйлықтарды алады. Өзіміз қазіргі уақытта кішігірім сыйлықтарды тігіп отырмыз. Бұл акция енді дәстүрлі түрде жыл бойы іске асады.
Қатысушылар бір сағат ішінде 400 қап қоқыс жинап үлгерді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы кубок пен алғыс хаттар табыс етілді.
Жақсыбек Кемал