Ел бюджетіне су жолдары арқылы 20 млрд теңге пайда түскен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ел бюджетіне су жолдары арқылы 20 млрд теңге пайда түскен

03.07.2024

Өткен жылы ел бюджетіне су жолдары арқылы жүк тасымалдаудан 20 млрд. теңге таза пайда түскен. Сондықтан өзен флотын дамытуға үкіметтен 64 млрд. теңге бөлінген болатын. Парламент Мәжілісінің депутаты Магеррам Магеррамов Павлодардағы өзен порты мен кеме жөндеу зауытына барды. Кеме қатынасы, ашық айдынға шығу, флот жұмысындағы мәселелерге назар аударды.

Ертіс - еліміздегі ең ұзын және ағысы қатты трансшекаралық өзен. Биыл су деңгейі жоғары. Су көліктерінің жүрісіне кедергі аз. Сондықтан Ресейге жүк тасымалдау көлемі былтырға қарағанда 1 жарым есеге артқан. Қазірдің өзінде 250 мың тоннаға жуық қиыршық тас жөнелтілді. Бұдан басқа көмір мен тұз тиеледі.

Магеррам Магеррамов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:

Жағалаудағы транспорттық инфрақұрылым, флотты тексеру, техникалық байқау өткізу, шлюздердің жағдайы, су көліктері қаншалықты жаңартылған? Міне осы мәселелердің анық-қанығын білуіміз керек. Содан кейін барып заңнамалық тұрғыда қандай көмек көрсетіледі, өзен флотын дамыту үшін не істеуіміз керек? деген сұраққа кешенді шешім қабылдауға кірісеміз.

Ал Ақтөбе облысында депутаттар іскер әйелдермен кездесті. Жиында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасы мәселелері талқыланды. Біздің елде әйелдер құқығы барынша қорғалады. Алайда, халық арасына жаңадан қабылданған заңдарды, өзгерістерді әлі де кеңінен түсіндіру қажет. Халық қалаулылары жиналғандарға партия жанындағы әйелдер қанатының 10 бағыты туралы айтып берді.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:

«Ертеңнен бастап біз Ырғыз ауданына барамыз, жалпы су басқан ең шалғайдағы аудандарға барамыз. Мен өзім Ырғыз ауданына , соның ішінде Нұра ауылына, сонымен қатар, Қобда ауданына, Әйтеке би, Мұғалжар ауданына барып, мына су басқан өңірлерде жасалып жатқан жұмысты көзіммен көргім келеді. Халықпен кездесемін. Ұсыныс-сұрақтарының барлығын жазып алып, біздің республикалық штабқа да жеткізетін боламын».


Хабарламаларға жазылу