Қазақ-Қытай қатынасы қарқынды дамып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ-Қытай қатынасы қарқынды дамып келеді

02.07.2024

Қытай төрағасының елімізге жасаған мемлекеттік сапары қос елдің қатынасын жаңа деңгейге көтереді дейді сарапшылар.

Жалпы, Си Цзиньпин қазақ жеріне соңғы екі жылда екінші рет келіп отыр. Пандемиядан кейін де алғашқы халықаралық сапарын Қазақстаннан бастаған еді. Бұл жолы мемлекеттік сапармен үш күнге аялдайды. Қос елдің дипломатиялық қарым-қатынасы қандай? Досжан Маратұлы толықтырады

Дәл бүгін дипломатиялық қызмет күні екенін естеріңізге сала кетейін.

Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына биыл 32 жыл. Осы аралықта байланыс іркілген емес. Сан салада жанданып келеді. Тіпті, қос ел бір-бірінің негізгі сауда-экономикалық серіктестеріне айналып, достық негіздегі әріптестік орнатқан.

Бұған Қытай төрағасы Си Циньпиннің коронавирус пандемиясынан кейін алғашқы халықаралық сапарын Қазақстаннан бастауы дәлел. Екі жыл бұрын елімізге мемлекеттік сапармен келген оны әуежайдан президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі құрметпен қарсы алған еді. Жалпы қос ел басшысы осы уақытқа дейін 5 рет кездесті. Тараптар әрдайым достық негіздегі байланыстарды арттыруға мүдделі екендерін айтып, қазақ-қытай қатынасына тың серпін беріп келеді.

Қазбек Майгелді, Қытай зерттеушілер қауымдастығының төрағасы, саясаттанушы:

Екі ел басшысының жиі кездесуі – Астана мен Бейжің қарым-қатынасының маңыздылығын көрсетеді. Әсіресе, экономикалық ынтымақтастық жағынан бір-біріне басты серіктес. Осы тұста Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің ШЫҰ саммиті алдында жеке келуі екіжақты қарым-қатынастың жоғары деңгейде екенін және жаңа экономикалық келісімдердің болуы мүмкін екенін аңғартады.
Халықаралық «Синьхуа» агенттігіне берген сұхбатында да мемлекет басшысы былтыр Қытайға екі рет «Орталық Азия - Қытай саммиті мен «Бір белдеу - бір жол» форумына қатысқанын айтқан еді. Биыл да Хайнань провинциясында өткен Боа Азия форумына барды. Тіпті қытай тарапымен өтетін саяси шараларда арагідік қытай тілінде де сөйлейді. Мұның себебі «маңызды ойымды нақты жеткізу үшін» деген еді Президент. Қай кездесуде болмасын тараптар жылы шырай танытып, бір-біріне «досым» деп айтады.

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қадірлі досым. Сізді ҚХР төрағасы болып қайта сайлануыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Қазақстан үшін ҚХР орны ерекше.
Си Цзиньпин, Қытай халық республикасының төрағасы:

Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, Қытай мен Қазақстан өздерінің бастапқы ниеттерін берік ұстанып, өзара көмек көрсетіп, тату көршілік концепциясын жалғастырып, екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестіктің дамуына жағдай жасауы қажет.
Соңғы бірнеше жылдың өзінде қос ел арасында жасалған маңызды келісім аз емес. Визасыз режимнің орнауы мен үшінші темір жол өткізу пунктін ашу солардың негізгісі. Әрі 2024 жыл Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы деп жарияланғаны белгілі.

Досжан Маратұлы, тілші:

Қазақ-қытай қатынастарының әлеуеті зор дейді сарапшылар. Оны дамытуға шығыстағы көршіміз де мүдделі. Сондықтан Қытай төрағасы саммит алдында елімізге мемлекеттік сапармен бір емес, үш күнге сапарлап келді. Си Циньпиннің шетелдерге ұзаққа жиі шыға бермейтінін ескерсек, бұл Қазақстанның әрі мемлекет басшысының халықаралық саяси аренадағы абыройын көрсетеді дейді сарапшылар.

Хабарламаларға жазылу