Батыс Қазақстанда тасқыннан зардап шеккен кәсіпкерлер 6,7 млрд теңге шығынға ұшырады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстанда тасқыннан зардап шеккен кәсіпкерлер 6,7 млрд теңге шығынға ұшырады

02.07.2024

Батыс Қазақстан облысында тасқыннан зардап шеккен кәсіпкерлер 6,7 млрд теңге шығынға ұшырады. Залалды өтеу жөніндегі өңірлік комиссияға бастапқыда 115 өтініш түскен. Кейін нақты шығынға ұшыраған 87 шағын және орта бизнес өкілі анықталды. Олардың кәсіп нысандары аймақтың бес ауданы мен Орал қаласының іргесіндегі саяжайларда орналасқан. Олар - сауда үйлері, асхана, тойхана, азық-түлік, киім-кешек дүкендері, жылыжайлар мен жиһаз құрал-жабдықтарының нысандары.

Манарбек Наурызғалиев, Орал қаласының тұрғыны:

Мен жеке кәсіпкермін. Үйдің ішінде станогым қалып қойды. 22 млнның жиһаз станогы суда тұр. Шығарып үлгермедік. Оны жәй тасып шығара алмайсың, оған үлкен техника керек болады. Сондықтан үлгермедік. Саяжай қоғамы болғасын, біз сақтандырып үлгермедік. Бірақ үкіметтен көмек болар деген үмітіміз зор.

Кәсіпкерлердің шығынын есептеу үшін алты техникалық тексеру және он бағалау компаниясы бекітілген. Заңгерлер де тегін көмек беріп жатыр. Олардың қызметақысын жергілікті әкімдік бюджет қаражатынан төлейді.

Мейрам Қабдығалиев, Облыстық кәсіпкерлік басқармасының бөлім басшысы:

Комиссия бес отырыс өткізді. 30 өтініш қалған болатын. Солар да қаралып, Ұлттық экономика министрлігіне жолданған болатын, зардап шеккен кәсіпкерлердің шығынын өтеу үшін. Кейбір аудандарда әлі де бағалау жұмысы жүріп жатыр, өйткені кей нысандарда су кетпеген жерлер бар.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу