Жалаулыда жаңа үйлердің құрылысы аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жалаулыда жаңа үйлердің құрылысы аяқталды

01.07.2024

Павлодар облысында тасқын кезінде зардап шеккен тұрғындар арналған жаңа үйлердің құрылысы аяқталды. Ақтоғай ауданындағы Жалаулы ауылында салынған 5 үй небәрі үш айда дайын болды. Өңірдегі әріптесіміз Болат Аманбаевтың бейнематериалы.

Бір көшеде бес жаңа үй. Бұл Жалаулыға жеткен жақсылықтың жаңғырығы дейді тұрғындар. Соңғы 40 жылда ауылда бірде-бір жаңа үй салынбапты. Сондықтан қоныс тойы баршаға ортақ. Су кіріп, баспанасы жарамсыз болып қалған ауылдастарына салынған үйлердің тапсырылатын күнін жұрт тағатсыздана күтті.

Серік Ахметов, Жалаулы ауылының тұрғыны:

Әсем үй салынды деп ойлаймын. Көрген бейнетіміз бәрі артта қалсын. Басқа жерлерде бұдан ауыр жағдай болды. Сол елдің де салынып жатқан үйлері жақсы бітіп,тек жақсылық болсын.

Бұл ауылға қарғын су түнде келіп, бірден 14 үйге кірген болатын. Ауыл жұртының ауызбірлігінің арқасында сырттан көмек жеткенше тасқынның беті қайтарылып, біраз үй аман қалды. Қиын кезде қосыла қайрат қылған ағайын қоныс тойына кәдесіз келмепті. Тұрмыстық техника, жиһаз, ыдыс аяққа дейін жаңартып берді. Тіпті, ауыл мектебінің оқушыларын да ұмытпапты.

Бақытжамал Мақсилова, қоғамдық ұйымның жетекшісі:

Осында 71 оқушы бар деді. Сол 71 оқушыға өз қолыменен Анар қызымыз міне әрбір 71 оқушыға өздерінің размерімен, тегі жазылған 71 спорттық киім әкелді.

Бес бөлмелі баспаналарда қала үйлеріндегідей жайлылықтың бәрі бар. Суы ішінде. Кәріз жүйесі орталықтандырылған. Бұл үйлер демеушілердің қаржысына салынды.

Александр Терентьев, мердігер компания басшысы:

Орталықтандырылған су құбырынан бөлек әр үйге құдық қазып бердік. Себебі, бұл аудан орталығынан шалғай ауыл. Жөндеу бригадасы жеткенше сусыз отырмасын деп жасадық. Ауыл халқы осындай жайлы тұрмысқа лайық.

Су кірген, бірақ жөндеуге жарамды басқа тоғыз үйдің иелеріне 48 млн. теңге көлемінде өтемақы берілді. Тұрғындар үйлерін жөндеп, бүлінген заттың орнына жаңа дүние мүлік сатып алған.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу