Атбасарда тасқыннан зардап шеккендерге 100 пәтерлі үй салынып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атбасарда тасқыннан зардап шеккендерге 100 пәтерлі үй салынып жатыр

28.06.2024

Ақмола облысы Атбасар қаласында тасқын судан зардап шеккен тұрғындар үшін 100 пәтерлі үй салынып жатыр. Жауаптылардың мәліметінше, құрылыс жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Қазіргі таңда жаңа баспананың қабырғасы қалануда. Жақын арада тұрғын үйге су, жарық, жылу желілері де тартыла бастайды.

Атбасар қаласының тұрғыны Олжас Сүлейменовтың үйі осыдан бірер ай бұрын апатты деп танылған. Жалғыз баспанасының іргетасы отырып, қабырғасы жарылып кетіпті.Сондықтан ол қазір отбасымен бірге пәтер жалдап тұруға мәжбүр.
Олжас Сүлейменов, Атбасар қаласының тұрғыны:
Жақын арада үй құрылысы бітеді, пәтер береміз деп жатыр. Сол күнді асыға күтіп отырмыз.
Қала шетінен бой көтерген тұрғын үйдің құрылысы осыдан бір ай бұрын басталды. Құрылысшылар екі ауысыммен тынымсыз еңбек етуде. Аз уақыт ішінде баспананың іргетасы құйылды. Енді қабырғасы көтеріліп жатыр.
Ержан Шамелов, құрылысшы:
Төрт бригада жұмыс істеп жатыр. Таңғы сегізден кешкі тоғызға дейін. Жұмысшылар саны жеткілікті.
Қазір қалада тасқыннан зардап шеккен тұрғындар үшін тағы да екі тұрғын үй салынып жатыр. Құрылысы осыдан бірнеше жыл бұрын басталған. Енді бірер айда ел игілігіне берілуі тиіс.
Ұмсындық Наурызбаева, тілші:
Ал 200 пәтерлі мына екі тұрғын үй Жабай өзеніне жақын, яғни қауіпті аймақта тұратын тұрғындарға беріледі. Құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Жауаптылар жыл сайын тасқыннан зардап шегетін халық тамыз айында осы үйлерге қоныстанады деп отыр.
Жалпы Атбасар ауданында су кірген 377 үйдің 203-і тұруға жарамсыз. Қалған 173 баспананы қалпына келтіруге болады. Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге алдағы уақытта бюджеттен 178 миллион теңге бөлінбек.
Аманбек Қалжанов, Атбасар ауданының әкімі:
Қаланың ішінде кеткендерге 38 пәтер алынды. Өйткені олардың тұратын үйлері болмады. Оларды түгел көшіріп болдық. Енді мүмкіндігі бар күзге дейін күте алатындарға мынау салынып жатқан үшінші жүз пәтерлі үйден отыз сегіз үйге соларды көшіреміз деген жоспарымыз бар.
Жалпы аймақта тасқыннан зардап шеккен 371 отбасы жүз айлық есептік көрсеткіштегі біржолғы әлеуметтік төлем алды.

Ұмсындық Наурызбаева

Хабарламаларға жазылу