67 БАҚ өкілі баспаналы болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар 67 БАҚ өкілі баспаналы болды

67 БАҚ өкілі баспаналы болды

Мереке қарсаңында Мемлекет басшысының тапсырмасымен 67 әріптесіміз үйлі болды. Осылайша журналистика саласының мамандарына тәуелсіздік тарихында мұндай үлкен марапат екінші рет беріліп отыр. Пәтер кілттерін Президенттің атынан «Дара» президенттік бастамалар қоры тарту етті. 

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Мереке қарсаңындағы тамаша тарту. Былтыр ғана дәл осы алаңда 60-тан астам әріптесіміз үйлі болып, қоныс тойын тойласа биыл да сол игі дәстүр жалғасып жатыр. Мына зәулім үйден тағы 67 әріптесімізге пәтер кілттері берілді. Осылайша дәл осы алаң журналистер қалашығына айналғандай.

Қуаныштың көз жасы. Толқыған сәт. Бүгінгі марапаттың жөні бөлек.

Қарлығаш Сәрсембаева, «Қазмедиа» орталығы қызметкерінің жұбайы:

Бүгін енді кілт алып, қазір сертификатты қолға алып, үйімізге табалдырықты аттағанша жүрегіміз лүпілдеп бара жатыр.

Үйлі болғандардың 16-сы – «Qazaqstan» телерадиокорпорациясының қызметкері. Баспаналы болған әріптесіміздің бірі – Мәрмәр Оразбаева. Екі баланың анасы, режиссер маман жаңалықтар бөлімі үшін жанын салып келеді.

Мәрмәр Оразбаева, «Қазақстан» ұлттық арнасы АСБД бөлімінің режиссері:

15 жылдай осы«Қазақстан» ұлттық арнасында қызмет етіп келемін. Осылай еңбегімді бағалап жатқан ұжымыма рахмет. Пәтер беріп жатқан Мемлекет басшысына рахмет. Өмірімнің ең бақытты сәті деп есептеймін

Ал Ауғанбай Баймұратұлының бір аяғы жоқ. Протезбен жүр. Соған қарамастан «Хабар» арнасында декоратор болып қалтқысыз қызмет етіп жүргеніне 7 жылдан асты.

Ауғанбай Баймұрат, «Хабар» агенттігі» АҚ декорация орнатушысы:

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа рахмет. Бізді елеп-ескеріп беріп жатқан. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

Пәтерлер «Дара» президенттік бастамалар қоры атынан БАҚ қызметкерлеріне басыбайлы берілді. Биыл мамандардың әлеуметтік жағдайына басымдық берілген.

Берік Уәли, ҚР Президентінің кеңесшісі - баспасөз хатшысы:

21-і көпбалалы отбасылар, бесеуі жалғызбасты аналар, 6 әріптесіміз жатақханада тұратын отбасылар және 11 отбасының үйінде мүмкіндігі шектеулі жан бар. Яғни өздеріңіз көргендей биыл әлеуметтік жағы қатаң ескеріліп, осындай пәтер кілттерін табыс етіп отырмыз.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

Журналистика саласының деңгейін, мәртебесін көтеріп өздеріңіздің жұмыстарыңызды атап өтіп жатыр. Бүгінгі мемлекеттік наградалар, пәтер кілтін алу соның айқын көрінісі.

Тілшілер, операторлар, үйлестірушілер, монтажерлер, техникалық мамандар бір сөзбен БАҚ-тың бар саласы қамтылған. Медиа саласы - Мемлекет басшысының назарында. Бүгінгі марапат - соның айқын дәлелі.

Раушан Сайлауқызы


Бөлісу