Сенат пен Мәжіліс депутаттары қыркүйекке дейін демалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сенат пен Мәжіліс депутаттары қыркүйекке дейін демалады

28.06.2024

Парламент депутаттары демалысқа кетті. Бүгін қос палата бірлескен отырыс өткізіп, екінші сессияны қорытындылады. Енді Мәжіліс пен Сенат қыркүйекке дейін демалады. Бірақ, каникул алдында депутаттар Үкімет мүшелеріне бірқатар ескерту жасап кетті. Парламенттің бірлескен отырысынан Айя Мүтәлі тарқатады.
Бүгін депутаттардың көңіл-күйі көтеріңкі. Жазғы демалысқа кетер алдында сенаторлар мен мәжілісмендер бір-бірімен құшақтасып, жоспарларымен бөлісті.
Отырысқа құжатын арқалап Үкімет мүшелері мен өзге де мемлекеттік орган басшылары келді. Бұл Парламенттің осы сессиядағы бесінші бірлескен отырысы. Бұдан бөлек, Мәжілістің 39 және Сенаттың 43 жалпы отырысы өтті. Сессия барысында екі палата 179 заң жобасын қарады. Оның 102-сі қабылданды. Депутаттар 800-ге жуық елдімекенді аралап, 2000-ға тарта кездесу өткізді. 727 депутаттық сауал жолдады. Дегенмен, мемлекеттік органдар бұл сауалдаға жүрдім-бардым қарайды, - дейді Ерлан Қошанов. Ал кей заң жобаларын депутаттар қайта жазып шығуға мәжбүр болған.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Баяғы жартас – бір жартас. Сырғытпа, үстірт жауап беріледі, нақтылық жоқ. Оның артында қаншама азаматтың тағдыры, талап-тілегі мен мұң-мұқтажы тұрғанын түсінген жөн.
Жанарбек Әшімжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Біздің депутаттардың жолдаған сауалдарының 70-80 пайызына, жаңа біздің төраға да оны атап өтті, кеше Үкіметпен кездесуде де айттық, жалпы көбіне сыдыртпа жол-жөнекей жауаптар келіп жатыр. Бұған Премьер-министрден бастап Үкімет мүшелері алдағы уақытта түбегейлі айналысамыз деген уәде берді. Алдағы сессияда көреміз.
Дегенмен атқарылған шаруа да аз емес. Қабылданған заң жобаларының нәтижесінде 400 мың адамның мәселесі шешілген. Депутаттар бұл маусымда әсіресе, энергетика саласы бойынша олигополиямен күрес жүргізді. Нәтижесінде, монополистерді тарифтен түскен қаражатты инфрақұрылымды жаңғыртуға, салаға инвестиция құюға міндеттейтін жаңа заң жазылды.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Қоғамның сапалы заңдар қабылдауға деген сұранысын арттыра түсті. Парламент еліміздегі ең өзекті проблемалар бойынша заңнамалық шешімдер шығару және оларды ашық талқылау алаңына айналды. Түйткілді мәселелерді заңдар арқылы шешу негізгі тетік ретінде қалыптасып келеді.
Депутаттар букмекерлік кеңселер мен казиноларға қойылатын талаптарды қатайтты. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу мақсатында заң күшейтілді.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Білім саласы, денсаулық сақтау саласы бойынша мектепте ұялы телефондарды сабақ үстінде пайдаланбау, әлде үй салғанда міндетті түрде ең бірінші ауруханалармен қамтып алу, мектептермен қамтып алу, сосын ғана көпқабатты үйлерге рұқсат беру сынды сияқты нормаларды қабылдадық.
Айя Мүтәлі, тілші:
Енді түрлі заң жобалары талқыланып, тартысты жиындар өтетін отырыс залдары ертеңнен бастап бос. Бірақ, депутаттар демалысқа кетпес бұрын аймақтарды аралап, халықпен бірқатар кездесу өткізеді. Жұрттың мұң-мұқтажын тыңдап, келесі сессияда сол мәселені көтеруі тиіс. Ал жұмысқа депутаттар 1 қыркүйекте бірақ оралады.
Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу